USD474.83EUR515.38RUB5.5

«МАМАНДЫҒЫМА ӨКІНГЕН ЕМЕСПІН»

18 маусым 2020, 09:36
Семей қаласындағы Әуезов полиция бөлімінің тергеушісі, аға лейтенант Сәуле Рымбекқызы – полиция қызметкері болуды бала кезден армандаған батыл қыз. Оған бір жағынан форма киген әкесінің келбеті де себепкер еді.
«МАМАНДЫҒЫМА ӨКІНГЕН ЕМЕСПІН»

Өнегелі әке мен мейірбан ана тәлімін көрген Сәуле қазіргі күнде өз мұратын айқындаған жастың қатарында.  Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметіне қырағылықпен қарайтын олс қылмыстық істерді жедел ашуға тырысады. Төменде Сәуле Рымбекқызының әріптесімізге берген сұхбаттан шағындап ұсынып отырмыз.

- Әңгімеміздің әлқиссасын осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ.

- Әкем ұзақ жылдар құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Бала күнімнен форма киген әкемді көріп өстім. Сөйтіп, менің «өскенде кім боласың?» деп сұрағандарға жауабым әрқашанда біреу болды. Десе де әкем «полиция қызметкері емес дәрігер болсаңшы. Ауырған жандарды емдейсің» деп райымнан қайтарғысы келді. Алайда, бұған көнбедім. Осылайша, 2014 жылы Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түстім. 2018 жылы оны үздік бітіріп, Семей қаласындағы Әуезов бөліміне тергеуші болып жұмысқа орналастым. Басында оңай болған жоқ. Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланың қиыны да қызығы да мол. Бірден қылмыстық істерді тергеуге кірісіп кеттік. Ең бірінші сотқа тапсырған ісім – көпқабатты тұрғын үйдегі ұрлық фактісі. Оқиға орнынан ұрының саусақ іздерін алып, дактилоскопиялық сараптама жасадық. Сөйтіп оның кім екенін анықтап, тергеу амалдарын жүргіздім. Жеделдетілген түрде, яғни 4 күннен кейін істі жаптым. 

- Қызмет барысында нақты қандай қиыншылықтармен кездестіңіз?

- Әуелде маған қылмыстық істерді бергенде сәл-пәл қорқыныш болды. «Қалай болады екен?» деп уайымдасам да сыртқа білдірмеуге тырыстым. Полицияға сан түрлі мәселелерімен келетін жандармен сөйлескенде барынша дұрыс жол нұсқауға ұмтылдық. Міне осы кезде оқу барысында санаға түйгенім, заңды бүге-шүгесіне дейін білетінім көп септігін тигізді. Одан кейін түнгі кезекшілікке түсеміз. Ең алғашқы ауысымға шыққанымда анам түні бойы ұйықтамай шықты. Сәт сайын хабарласып, «қызым бәрі жақсы ма?» деп сұрап отырды. Уақыт өте келе үйрене бастады. Кейде қылмыс орнына барған кезде адам мәйіттерін көреміз. Қыз бала болғаннан кейін әрине, оңай тимеді. Алайда, менің өмірлік ұстанымым – «алға мақсат қойдың екен, міндетті түрде соған жету». Тергеушіге жедел шешім қабылдай білу шарт. Күдіктілермен, куәгерлермен, жәбірленушілермен сөйлескенде психолог болып кетеміз. Шындықты білу үшін адамның ішкі сырына үңілу керек.

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

- Біздің бос уақытымыз аз ғой (күлді). Бірақ қолымыз қалт еткенде таза ауада серуендегенді, спортпен шұғылданғанды, киноға барғанды ұнатамын. Волейбол ойнап, суда жүземін. Үй-жұмыстарымен айналысып, құрбыларыммен кездесемін. Одан кейін торт пісіргенді жақсы көремін.

- Кейде осы салаға бет бұрғаныңызға өкінбейсіз бе?

- Еш уақытта өкініп көрген емеспін. Керісінше, қылмыс жасаған адам анықталып, істі жапқан кезде аға-әпкелер келіп баталарын беріп, риясыз ризашылықтарын білдіріп жатқанда осы саланы таңдағаныма қуанамын. Әрине, кез келген мамандықтың өз ауыртпалықтары болады. Полицей жұмысының жүгін арқалай алмай шығып қалып жатқандар да бар. Бірақ әркез шыдамдылық танытып, еңбектің жалауын жықпаған жөн. Қандай қиындықтар кездессе де алған бағыттан таймай, қойған мақсатқа жету керек деп есептеймін.

Сұхбаттасқан Т. Мұхамадиев

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar