Сабақтар әрбір әскери мамандық бойынша жеке өткізіледі. Әскери қызметшілер оқу топтарының құрамында жұмыс істейді. Оқытуды халықаралық сайыс пен оқу-жаттығулардың қатысушылары мен жүлдегерлері болып табылатын тәжірибелі әскери мамандар, нұсқаушылар жүргізеді.
«Еліміздің Қарулы Күштерінде тек сауатты, өз ісін жетік білетін жоғары білікті мамандар қызмет етуі тиіс. Ол мейлі снайпер, ұшқыш немесе танкист болсын. Сондықтан әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының жеке түрі ретінде арнайы дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді»,- деп атап өтті «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал - майор Асан Жүсіпов.
Мәселен, танк бөлімшелерінде көздеуші-операторлар сияқты мамандар бар. Олар берілген мақсаттарды дәл және нақты жоя білуі және экипаж құрамында үйлесімді жұмыс істей алуы тиіс. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында әскери қызметшілерімен осы мамандық бойынша «Танк биатлоны» әскери халықаралық ойындарының қатысушысы және бірнеше дүркін жүлдегері, көздеуші – оператор, аға сержант Дмитрий Алькенов жұмыс істейді. 2017 жылы қазақстандық танкистер командасы осы ірі жарыста екінші орынды алса, ал 2019 жылы үшінші орынды иеленген болатын.
«Мамандық бойынша дайындық кезінде біз нысанашы - операторларды зеңбіректен ату және онымен қосарланған пулеметтен ату ережелерін үйретуіміз керек. Негізінен көздеуші-оператордың іс-әрекеттері айтарлықтай физикалық жүктемелермен байланысты. Сонымен қатар, ол танк экипажының мүшелерімен тікелей және техникалық құрылғылардың көмегімен тұрақты байланыста болуы тиіс. Бұл қасиеттердің барлығы әскери қызметшінің кәсібилігін арттыру және өз мамандығы мен ұрыстағы мақсатын дұрыс түсіну үшін қажет», – деді аға сержант Дмитрий Алькенов.
Атап өтейік, әскери қызметшілермен мамандық бойынша даярлық сабақтары 2020 оқу жылына арналған жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүргізіледі.