ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемен және Семей қаласындағы екі мейрамхана жұмыс уақытын шектеуге қатысты талапты орындамаған. Тәртіп сақшылары кәсіп иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғап, сотқа жолдады.
«Наурыз мейрамында Өскемендегі караоке клубы өз жұмысын 22:00-ден кейін де жалғастыра берген. Оның иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы (Төтенше жағдай режімін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ ЖШС аумағын дезинфекцияламаған заңды тұлға жауапқа тартылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жалпы облыс бойынша бүгінде төтенше жағдай режімін бұзудың 7 фактісі тіркелген.