USD474.83EUR515.38RUB5.5

ЖЫЛҚЫАЙДАР ЕСІМДІ БАТЫР БОЛҒАН...

19 қыркүйек 2023, 11:56
Тарихы тереңге жайылған, өңірі мәдени мұраларға бай, адамзат табиғаты мен руханият табиғатының таңғажайып мекені – Абай ауданының Саржал ауылы. Бұл ауылды білмейтіндер кемде-кем. Жасампаз Саржал азаматтарының мәдениет, денсаулық, оқу -ағарту, спорттағы жетістіктері ұшан - теңіз. Тамсандырған сары қымызы өз алдына бір төбе. Осындай қасиетті елде азаттық үшін күрескен Шыңғыстау көтерілісінің қаһарманы, Шаған бойы жасағының жетекшісі Жылқыайдар Тәстенбекұлына арналған ескерткіш тақта орнатылды.
ЖЫЛҚЫАЙДАР ЕСІМДІ БАТЫР БОЛҒАН...

Өткен ХХ ғасырдың басынан қазақ халқының басына зор қауіптер төнді. Рухани-саяси тоқырау, аштық, ұлт-азаттық көтерілістер барлығы да тығырыққа тіреп, елдігімізді сақтауға қиындық туғызды. Мал шаруашылығымен ғана отырған қазақ жұртынан «ұжымдық шаруашылық құру, мойынсерікке бірігу» сылтауларымен малдары тәркіленіп, көнбегендерді соттап, жер аударып, түрлі қастандықтар жасады. Онымен қоса, салық деген «бәле» қосылып, елдің жағдайын мүлдем мүшкіл етті. Сол ғасырдың 20-30-жылдары аштыққа ұшырап, қынадай қырылған халық өмірдің мәнінен айырылғандай күй кешті. Ел ішінде осындай сойқанның келе жатқанын, үкіметтің солақай саясатына бой көрсету қажеттілігін білген азаматтар да болды. Осы кезеңде қазақ жерінде 300-ден астам көтеріліс болды. Оған қатысқан жандардың кейбірінің аты тіптен белгісіз. Солардың бірі – қазіргі Саржал өлкесінің тумасы Жылқыайдар Тәстенбекұлы болып табылады.

Шыңғыстау өңірінде 1931 жылдары болған екі көтеріліс белгілі. Бірінші рет ақпан айында үш жүзге тарта ереуілшілер атқа қонып, Қарауылды шауып, кеңес өкіметіне қарсы шықты. Алайда ешқандай қарусыз халық қарулы жасаққа қарсы шығу мүмкін бе?! Қатысушыларға жаза қолданылады. Алайда бұл ашынған халықты тоқтата қоймайды. Екінші рет көрші жатқан үш аудан халқы: Абыралы, Шұбартау және Шыңғыстау азаматтары бір мезгілде аттанып, күз айында атқа қонды. Міне осы кезде Шаған бойындағы ауыл азаматтарын Жылқыайдар атамыз бастап шығады. Бұл кезеңдерде батыр елуге тола қоймаған шақта. Қалай болса да елдің қаһарын көрсетуге бекінген батыр 200-ден астам сарбазды бастап Шыңғыстаудағы Шымылдық сайына аттанды. Бұл көтерілісте басшы болған Жылқыайдар Тәстенбекұлы аз уақытта өз сарбаздарын жаттықтырып үйреткен. Нәтижесінде Қарауыл ауылы түбіндегі қақтығыста ұйымдаса ұрысып, ұрыс үстінде НКВД-ның Шыңғыстау ауданындағы басшысы Абзал Қарасартовты сойылмен ұрып, аттан түсірген де осы кісі болатын. Сонымен көтеріліс жеңіліп қуғынға түскен, ал ең соңында сатқындардың кесірінен тұтқынға түседі. Осындай ерлігімен ел арасында белгілі Жылқыайдар Тәстенбекұлына арналып Саржал ауылында ескерткіш тақтасы қойылды. Ескерткіш тақтаның ашылуына туған-туыстары, тарихшылар мен ауылдың құрметті азаматтары қатысты. Ашылу салтанаты Саржал ауылының әкімі Әкімбаев Ерболат Сәлімұлының сөзімен басталды:

 

  • Құрметті Саржал ауылының тұрғындары, қонақтар және Жылқыайдар Тәстенбекұлы атаның ұрпақтары. 1931 жылы азаттық үшін күрескен Шыңғыстау көтерілісінің қаһарманы, Шаған бойы жасағының жетекшісі болған Жылқыайдар Тастенбекұлы атамыздың атына ескерткіш тақтасын орнатып, еліміз бен жеріміз үшін күрескен ата бабалардың есімін ұрпақ жадында сақтау жолында жасаған игі істеріңіз үшін алғыс білдіремін.

Ұрпақ жадында мәңгі сақталатын бабалар есімін ұлықтау жолында абыройлы еңбек етіп, үлгі боларлық істеріңіз көбейе берсін. Отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еңбектеріңіз жана берсін! – деді ауыл әкімі.

Және осы шара барысында облыстық мәслихат атынан ұйымдастыруға қатысқан азаматтарға алғыс хаттар берілді. Жылқыайдар Тәстенбекұлына арналған ескерткіш тақтаның авторы Ертіс Исайынұлы:

  • Бекен Нұғыманұлының бастауымен осындай іс-шара өтіп жатыр. Коммунистік партия кезіндегі үлкен кетпе-қайшылықтар барлықтарымызға белгілі. Елдің атынан талай көтерілістер болды. Сол көтерілісшілердің басшысының бірі – Жылқыайдар Тәстенбекұлы. Ол кісі бақиық боларында: «Өмір болатын болса алдағы ұрпақтардан мені жоқтау үшін бір күні шығар» деп. Міне енді жоқтаушы ұрпақтары шығып жатыр. Ұрпақтары қазіргі күні осы өңірге келіп еске алып жатыр, - деді ескерткіштің авторы.

Сонымен қатар атаулы іс-шараға туған туыстары келіп қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Бабаларының ерлігі ұрпақ үшін ұмытылмастай мұра екені айтпаса да анық. Бұл істі бастаушы қоғам белсендісі, Семей қаласына белгілі ардагер Бекен Нұғыманұлы және осы іс-шараның жаңашырлары Аманғазы Тілеубаев, Меллат Дүйсенбаев, Ертіс Исайынұлы сынды азаматтар.

Іңкәрбекова Шәрбат Құрмашқызы, шөбересі:

  • Міне Жылқыайдар атамызға құрмет көрсетіліп, ескерткіш тақта ашылып, ас беріліп жатыр. Мен Жылқыайдар атамызға шөбере болып келемін. Менің әкем бұл кісіге немере інісі болып келеді. Аталарымыз туралы көп жылдар айтылмады, тарих беттерінде де жоқ. Кішкентай кезімізде Жылқыайдар атамыздың інісі Дүйсебек атамыздың аузынан атамыз туралы, батырлығы мен ерлігі туралы көп еститінбіз. Осы іс-шараны ұйымдастырып бастаған Бекен Теміровқа алғысым шексіз.

Ескерткіш тастың ашылу салтанатынан соң қонақтар мен ауыл азаматтарына арналып бабаның аруағына деп ас берілді. Аты тарихта қалмай қалса да, елдің есінде сақталған батырдың ерлігі бүгінгі ұрпағына үлгі. Елі үшін жанын берген азаматтың есімі әлі тарих беттерінде талай айтылады деп сенемін.

Айғаным ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar