USD444.22EUR476.38RUB4.82

ШҚО-да бұқаралық шаралар кейінге қалдырылды

18 наурыз 2020, 10:54
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Шығыс Қазақстандағы барлық мәдени ошақтардың жұмысына бірқатар өзгерістер енгізілді.
ШҚО-да бұқаралық шаралар кейінге қалдырылды

 Соған орай облыс көлемінде концерттер, конференциялар, семинарлар, көрмелер мен дөңгелек үстелдер сынды тағы да басқа шаралар уақытша ұйымдастырылмайды. Ал жоспарланған бұқаралық шаралар кейінге қалдырылды. Бұл туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмаханова ШҚО ақпараттық орталығында өткен брифингте мәлім етті.

 – Эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін музейлер мен кітапханаларға, сондай-ақ тарихи-мәдени орындарға уақытша кіруге тыйым салынды. Бұдан бөлек спорттық үйірмелер мен тіл үйрену курстарының жұмысы әзірше тоқтатылды. Сонымен қатар концерттік ұйымдар мен театр қызметкерлері уақытша гастрольдік сапарларға шыға алмайды. Ал дайындық жұмыстары жүргізіле береді, - деді Раушан Нұрмұханова

Басқарма басшысының айтуынша, егер осы салада еңбек етіп жүрген әйелдердің кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар болса, олар қашықтан жұмыс істей алады.

–  Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қызметкерлері уақытша үш топқа бөлінді. Олардың еңбекақысы сақталады. Бірінші топтың құрамында әкімшілік-басқарушылық салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер бар. Екінші топтағылар қашықтықтан жұмыс істейді. Үшінші топтың құрамында экологиялық демалысқа шыққандар бар, - деді Раушан Нұрмұханова.

Басқарма басшысының айтуынша, отбасылық мерекелер мен той жасауға, сондай-ақ ас беруге уақытша тыйым салынды.

 – Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты облыс тұрғындары түсіністік танытады деп сенеміз. Біз үшін халықтың денсаулығы бірінші орында, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar