
Тұсаукесер кешті халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері, атақты ақын Болат Үсенбаев жүргізді. Кештің құрметті қонақтары ретінде жазушы Сәуле Досжан, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын Арасанбай Естенов, Қазақстанның Құрметті баспагері, әдебиет зерттеушісі Балжан Хабдина, Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі публицист, қаламгер Зейнолла Абажандар қатысты. Жиырма жеті ақынның басын біріктірген бес жүз беттік бұл жинаққа халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Қызжібек Жарқынбаеваның, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері маңғыстаулық Лұқпан Бегалытегі, Жәния Ералиева, Алтыншаш Жақиянова, Бүбішқан Тікебаеваның, сондай-ақ, танымал ақындар: Айсұлу Рүстемова, Айжан Имантаева, Бақытгүл Мадиярова, Мағираш Тұрсынова, Өлмес Рақымбаева, Меруерт Жартыбаева, Самал Зікірияқызы, Зирагүл Нұрданбекқызы, Алуа Асқар, Шаяхмет Қали, Бекқожа Жылқыбекұлы, Еркін Нұрбай, Мақсұтхан Дәлей, Шорабек Төлекұлы, Қайрат Құматайдың және жаңадан таныла бастаған Ернар Тастан мен Фархатжан Асылбаев тәрізді ақындардың өлеңдері енген. Шара барысында жинаққа енген қос суретші әрі ақын ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әуелбек Искаков пен әуесқой суретші, өнертанушы, сазгер Ерсайын Жапақтың сурет көрмесі ұйымдастырылды.Айжан Имантаеваның өлеңдері бұған дейін 2022 жылы «Айлы түнде айналамын өлеңге» деген атпен Алматы қаласынан жеке кітап болып басылып шығып, ал 2021 жылы отызға тарта қазақ ақындарының басын біріктірген «Мезгіл әуендері»атты жыр жинағына енген болатын.