Мәжіліс төрағасы Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы қатар дамыған, тәуелсіз еліміздің экономикасына зор үлес қосып келе жатқан табиғаты бай, индустриялық әлеуеті мықты іргелі аймақтардың бірі екенін айтты. Осы ретте Қазақстанның болашағы жастарда екенін алға тартқан Н.Нығматулин еліміздің жарқын келешегі сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты дей келіп, облыс жастарының туған елімізді, жерімізді өркендетуге белсене араласатынына сенім білдірді.
Нұрлан Нығматулин Қазақстанымыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларымен жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларға назар аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауының маңыздылығына тоқтала келіп, осы жыл маңызды, мағыналы оқиғаларға толы болатынына сенім білдірді. Себебі, еріктілік қызмет жастарды қайырымдылыққа, қамқорлыққа баулумен қатар, белсенді өмір сүруге,тәжірибе жинауға, жеке тұлға ретінде қалыптасуға ықпал етпек. Одан әрі Мәжіліс төрағасы жастар алдында қазіргі уақытта ҚР Президентінің бастамасымен қолға алынып жатқан шаралар туралы және оларды заңнамалық қолдау жұмыстары туралы жан-жақты баяндады. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы облыс жастарын білімнің жаңа биігін бағындырып, әрқашан бәсекеге қабілетті болуға шақырды.