Алдағы өзгерістер туралы ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахимбаева айтып берді.
- Бүгінгі таңда облыстың Шығыс Қазақстан және Абай өңірлеріне бөлінуін ескере отырып, маршруттық желіге өзгерістер пысықталды, - деп хабарлады Айжан Дудубекқызы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. - Облыс үлкен болды, кейбір маршруттардың ұзындығы 700 километрді құрады. Олардың кейбіреулері ШҚО аумағы бойынша да, қазіргі Абай облысының аумағы бойынша да өтті. Бұл бағыттар облысішілік разрядтан облысаралық разрядқа өтеді. Тиісінше, оларды ұйымдастыру тепе-теңдік негізде жүзеге асырылады. Яғни, тасымалдаушы Абай облысы тарапынан да, ШҚО тарапынан да анықталатын болады. Тасымалдаушыларды бақылауды екі сала да жүзеге асырады. Мысалы, Өскемен - Семей бағыты. ШҚО бөлінгенге дейін бұл облысішілік бағыт болған, енді ол облысаралық санатқа өтеді. Бұл жолаушыларға әсер етпейді. Қолданыстағы маршруттық желі екі атқарушы орган арасында жай ғана бөлінетін болады.