USD474.83EUR515.38RUB5.5

Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы мәдениет ошақтарының жұмысымен танысты

02 тамыз 2022, 10:15
Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің шатырына жөндеу жұмыстары келесі жылы жүргізіледі, симфониялық оркестрді қайта жаңғырту жоспарлануда. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қаланың мәдениет нысандарын аралау барысында хабарлады.
Нұрлан Ұранхаев  Семей қаласындағы мәдениет ошақтарының жұмысымен танысты

Аймақ басшысының сапары Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасынан басталды. Облыс әкімі кітапхананың жұмысымен танысып, оның базасында жұмыс істейтін «Отбасы орталығы» қоғамдық қорына барды.

«Біз психология жағынан қызметтер көрсетеміз, киіммен көмектесеміз. Айына шамамен 40-50 отбасын азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етеміз», - деді «Отбасы орталығы» ҚҚ басшысы Жанна Жибраева.

Нұрлан Ұранхаев 1883 жылы құрылған кітапхананың бай тарихымен танысты. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев болған. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен Абайдың есімі берілді.

ХVІІ ғасырдың екінші жартысы, ХІХ және ХХ ғасырдың басында жарық көрген 4500-ге жуық өте сирек кездесетін құнды баспа өнімдері бүгінгі күнге дейін сақталған. Кітапхананың сирек басылымдар топтамасы бай мұрадан, өңірмен байланысты әдебиеттерден, Императорлық Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің ғылыми басылымдарынан, қазақ зиялыларының көзі тірісінде шығарылған кітаптарынан, кеңес дәуірінің мерзімді баспасөзінен тұрады.

Облыс әкімі сондай-ақ Қазақстандағы ең көне және ірі музейлердің бірі - облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды. Мұнда аймақ басшысына ғимарат шатырымен байланысты проблемалар бар екені айтылды.

«Музей шатырынан су ағып жатыр, біз қалпына келтіруге өтініш бердік. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, бірақ бұл мәселені атап өткім келеді. Сондай-ақ, музей ғимараты шағын, өкінішке орай, барлық қолда бар экспонаттарды орналастыра алмаймыз. Музей аумағында тағы бір құрылыс жасаса мәселе орнымен шешілер еді», - деді музей басшылығы.

Облыс әкімі бұл мәселелерді бақылауға алатынын атап өтіп, келесі жылы музей шатырын жөндеуге қаражат бөлінетінін айтты.

Айта кетейік, музейдің өзі 1883 жылы саяси жер аударылғандар бастамасымен құрылған. Ұлы ақын Абай, философ әрі ойшыл Шәкәрім және жазушы Мұхтар Әуезов музей қызметіне әр уақытта өз үлесін қосқан. Бүгінде музей қорында 107 мыңнан астам экспонат бар.

Содан кейін облыс әкімі көптеген ұлт өкілдерін біріктіретін, қала өмірінде ерекше орын алатын қалалық мәдениет сарайына барды. Мұнда облыс әкімі әскери даңқ залы мен үй-жайларды аралап көрді.

«Мәдениет сарайында концерттер мен мерекелік шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Балалар бізде әртүрлі үйірмелерде айналыса алады. Мәдениет сарайы базасында әскери даңқ залы орналасқан, онда соғыс кезіндегі сарбаздарымыздың ерліктерін бейнелейтін экспонаттар бар. Осылайша, біз өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие береміз», - деді мәдениет үйінің қызметкерлері.

Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінде жылыту проблемалары бар екенін мәлімдеді. Мәдениет сарайы қызметкерлерінің айтуынша, сапасыз жылытудың салдарынан қысқы уақытта көрермендер сырт киіммен концерттерді тамашалауға мәжбүр. Облыс әкімі бұл мәселені қарастыратынын жеткізді.

Қалалық мәдениет сарайының жұмысымен танысып, Нұрлан Ұранхаев Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияға да барды.

Филармония 1945 жылдың қазан айында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы жанындағы Семей концерттік-эстрадалық бюро ретінде ашылған. 1969 жылы 29 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен филармонияға әнші Әміре Қашаубаевтың есімі берілді. Қазіргі уақытта филармонияда 180-ге жуық маман жұмыс істейді.

Кездесуді қорытындылай келе, Абай облысының әкімі мәдени жаңғырудың қажеттілігін атап өтті.

«Ең бастысы, бізде жұмыс істей алатын адами капитал бар: бұл біздің әртістер мен тұрғындар. Біздің Семей әрқашан мәдени орталық болған және менің ойымша, ол қазір де солай болып қала беруде. Мен бұрын осы салада кадрлар даярлайтын Мұқан Төлебаев атындағы училище бойынша сұрақ қойдым. Роза Рымбаева да сол мекемені бітірген, бүгінде ол халық әртісі. Сондықтан мәдениетті жаңғырту мәселесімен айналысу керек. Айта кетейін, қазір тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша жұмыс тобы құрылуда. Бұл облыс әкімі жанындағы кейбір мәселелерді пысықтайтын топ болады», - деп түйіндеді Нұрлан Ұранхаев.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar