ШҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 167 білім мекемесі тексерілген. Мамандар соның тек 16-сынан ғана заңбұзушылық анықтаған жоқ.
Белгілі болғандай, мектептердің көпшілігі техникалық тұрғыда жабдықталмаған, физика, химия кабинеттері талапқа сәйкес келмейді. Кей білім ордаларында мұғалімдердің біліктілігі атқаратын қызметінің деңгейіне жетпейді. Мектептер мен балабақшалардың басшылары жыл соңына дейін аталған кемшіліктерді жоюға міндеттенді.
«Мемлекеттік аттестациядан тек 16 мектеп өтті. Әрине, бұл көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Негізгі кемшіліктер – мұғалімдердің біліктілік деңгейінің сәйкессіздігі. Олар мемлекеттік білім беру стандарттарына сай келмеді. Кей жерлерде электронды «Күнделік» журналын қолдану бойынша заңбұзушылықтар анықталды», - дейді департамент басшысы Зейнеп Махсұтова.