Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы байқаудың мемлекеттік тілді дамыту мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын атап өтті.
– Мемлекет басшысы жастардың қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтауда, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде маңызды рөл атқаратынын үнемі айтып келеді. Осы тұрғыда «Мың бала» жобасы да өз нәтижесін көрсетіп отыр. Жобаға қатысқан жастар мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін танып, өз өнері мен қабілетін дамытуға мүмкіндік алады. Бүгінде олардың арасынан түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар бар. Бұл – жобаның нақты нәтижесі. «Мың бала» мемлекеттік тілді үйренуге ынталандырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды алаң, – деді басқарма басшысы.
Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша Семей қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы №2 мектептің 5-сынып оқушысы Соловьёва София жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Ол алдағы байқауда Абай облысының намысын қорғайды.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік желілердегі мәнерлеп оқу» номинациясында Мальцев Руслан І орынға ие болса, Тлекұлы Дінмұхамед ІІ орын, Сулейменова Аяулым ІІІ орынды иеленді. Ал «Бірлікке үн қосқан» музыкалық номинациясында Соловьёва София жеңімпаз атанса, Ашимова Камилла ІІ орынға, Загидуллина Наима ІІІ орынға лайық деп танылды.
Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.