Спикердің айтуынша, білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Негізгі мақсат – балаларға өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салу ғана емес, төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге үйрету.
– Оқушылармен интерактивті және ашық сабақтар, дәрістер мен әңгімелесулер, викториналар мен байқаулар өткізіледі. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдері мен өрт-техникалық орталықтарға экскурсиялар ұйымдастырылады. Есепті кезеңде 197 интерактивті және 311 ашық сабақ өткізілді. 116 экскурсия ұйымдастырылып, 163 дәріс пен әңгімелесу жүргізілді. Профилактикалық жұмыстардың маңызды бөлігі – практикалық оқу-жаттығулар. Барлығы 409 оқу-жаттығу өткізілді, – деді Асет Туинбаев.
Спикер практикалық дайындықтың маңыздылығын атап өтті. Жаттығу кезінде балалар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері дабыл белгісі берілгеннен кейінгі әрекеттерді, ғимараттан ұйымдасқан түрде шығуды және эвакуация кезінде белгіленген тәртіпті сақтауды пысықтайды.
– Оқу-жаттығу барысында ғимараттан шығу ғана емес, дабыл белгісін алғаннан кейін қалай әрекет ету керектігі де пысықталады. Қатысушылар сабыр сақтап, жауапты тұлғалардың талаптарын орындауы тиіс. Мұндай дағдылардың маңызы зор. Себебі төтенше жағдайда дұрыс әрі жедел әрекет ету дүрбелеңнің алдын алып, қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті спикер.
ТЖД жазғы сауықтыру науқаны кезінде балалар лагерлерінің жағдайын да бақылауда ұстайды. Биыл мамандар 10 нысанды тексеріп, өрт қауіпсіздігі талаптарының 181 бұзушылығын анықтаған.
– Тексерілген нысандарда анықталған бұзушылықтарды жою бойынша бақылау жалғасуда. Негізгі назар балалардың қауіпсіз жағдайда болуына, өртке қарсы қорғаныс жүйелерінің жарамдылығына, эвакуациялық жолдардың ашық болуына және қызметкерлердің өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауына аударылады, – деді Асет Туинбаев.
Профилактикалық жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, радио және басқа да ақпараттық ресурстар арқылы жүргізілуде. Есепті кезеңде өрт қауіпсіздігі тақырыбында 3,5 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында тұрақты ақпараттандыру үшін дауыс зорайтқыш жүйелері пайдаланылады.
– Ақпараттық жұмыстың негізгі тақырыптары – білім беру ұйымдары мен балалардың сауықтыру лагерлеріндегі өрт қауіпсіздігі ережелері, өрт және эвакуация кезіндегі іс-қимылдар, балалардың отпен ойнауының алдын алу, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындардағы балалардың қауіпсіздігі. Балалардың бұл ережелерді тек теория жүзінде біліп қана қоймай, іс жүзінде қолдана алуы маңызды, – деп атап өтті спикер.
Абай облысының ТЖД мәліметінше, профилактикалық іс-шаралар жалғаса береді. Басты назар балалар мен қызметкерлерді оқытуға, өрт кезіндегі іс-қимылдарды практикалық тұрғыда пысықтауға және балалардың сауықтыру лагерлерінде анықталған бұзушылықтардың жойылуын бақылауға аударылады.