USD458.48EUR534.68RUB5.43

1 қыркүйектен бастап сыра сатушыларға жаңа талаптар енгізіледі

2 сағатқа жетпей
Қазақстанда сыра мен сыра сусындарын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. 1 қыркүйектен бастап жаңа талаптар шыны бөтелкелерге құйылған өнімдерге қолданылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Ержан Сәбиев мәлімдеді.
1 қыркүйектен бастап сыра сатушыларға жаңа талаптар енгізіледі

Ержан Сәбиевтің айтуынша, цифрлық таңбалау сыра өнімдерінің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бірегей Data Matrix коды тауарды сәйкестендіріп, оның заңсыз айналымын азайтуға және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған.

— Цифрлық таңбалау сыра өнімдерінің айналымын ашық етуге және тауардың бүкіл қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір өнімге түсірілетін бірегей Data Matrix коды оның нақты бір данасын сәйкестендіруге жағдай жасайды. Өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, тауардың сауда нүктесіне келіп түсуі және түпкілікті тұтынушыға сатылуына дейінгі барлық кезеңдер цифрлық жүйе арқылы бақыланады. Бұл заңсыз өнімнің нарыққа түсуін шектеуге, адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға және сыра өнімдері нарығындағы ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді, — деді Ержан Сәбиев.

Спикердің мәліметінше, сыра өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. 1 ақпаннан бастап кегтерге құйылған сыра мен сыра сусындарына таңбалау енгізілді. 1 қыркүйектен бастап талап шыны бөтелкелердегі өнімдерге қолданылады. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қаңылтыр банкалардағы сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау басталады.

Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Арман Манабаевтың мәліметінше, жаңа талаптар сыра өнімдерін бөлшек саудада өткізетін барлық кәсіпкерлерге қатысты. Олардың қатарында дүкендер, минимаркеттер, сауда желілері, жеке сауда нүктелері және сыра өнімдерін өткізетін қоғамдық тамақтану объектілері бар.

— Кәсіпкерлер жаңа талаптарды алдын ала ескеріп, сауда және кассалық процестерін дайындауы қажет. Ең алдымен таңбалау жүйесіне тіркеліп, кассалық жабдықтың Data Matrix кодтарын оқи алатынына көз жеткізу керек. Сонымен қатар кассалық бағдарламаның цифрлық таңбалау жүйесімен дұрыс өзара әрекеттесуін және қажетті ақпараттың фискалдық деректер операторына берілуін тексеру маңызды. Таңбаланған сыраны сату кезінде өнімнің қаптамасындағы Data Matrix кодын міндетті түрде сканерлеу қажет. Тек тауардың атауы немесе кәдімгі штрихкоды арқылы өткізу жеткіліксіз, — деді Арман Манабаев.

Кәсіпкерлерге талаптар күшіне енгенге дейін таңбалау жүйесіне тіркеліп, кассалық жабдықтарын техникалық жағынан дайындау ұсынылады. Сауда орындарында Data Matrix кодтарын оқитын 2D-сканерлер болуы және олардың кассалық бағдарламамен үйлесімділігі алдын ала тексерілуі қажет. Тауарды қабылдау кезінде цифрлық таңбалаудың бар-жоғын тексеріп, ал сату барысында Data Matrix кодын кассада сканерлеу керек.

Таңбаланбаған өнімдерге қатысты өтпелі кезең қарастырылған. Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген сыра өнімдерін белгіленген тәртіпке сәйкес жылдың соңына дейін өткізуге болады. Сондықтан кәсіпкерлер қоймадағы өнімнің өндірілген күнін анықтап, оның өтпелі кезең талаптарына сәйкестігін тексеруі қажет.

— Цифрлық таңбалау талаптарын сақтамаған жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР ӘҚБтК-нің 283-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар акцизделетін тауарларды тәркілеу және лицензиядан айыру шаралары көзделген, — деді спикер.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2026
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar