Қазіргі таңда еңбек миграциясы әлемдегі ғана емес, Қазақстандағы да өзекті мәселелердің бірі саналады. Елімізде жыл сайын шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындар саны артып келеді. Бүгінде Қазақстанда рұқсат негізінде 14 мыңнан астам шетел азаматы еңбек етеді. Олар негізінен құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қызмет көрсету және басқа да экономиканың маңызды салаларында жұмыс істейді. Осыған байланысты еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және халықаралық стандарттарды енгізу уақыт талабы болып отыр.
Семинардың ашылуында Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлмира Зайниева сөз сөйлеп, еңбек қатынастарын заң аясында жүргізу – кәсіпкерліктің тұрақты дамуының басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін заң талаптарын сақтау ғана емес, еңбеккерлердің құқықтарын құрметтеу, ашық әрі әділ жұмысқа қабылдау қағидаттарын ұстану да аса маңызды. Мұндай кездесулер бизнес өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік береді.
Семинарға Семей қаласының Мансап орталығы, Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығы, Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімі, Абай облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы, Абай облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдері, өңір кәсіпкерлері мен басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Іс-шара барысында «Қайсар» қоғамдық қорының төрайымы, Халықаралық көші-қон ұйымының сарапшысы Оксана Тарабукина еңбекші-мигранттарды этикалық жұмысқа қабылдау тетіктері туралы жан-жақты баяндама жасады. Ол халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын әділ жалдау қағидаттарына тоқталып, еңбек қатынастарының барлық кезеңінде қызметкердің құқықтарын сақтау, заңсыз делдалдыққа жол бермеу, еңбек шарттарын ашық рәсімдеу және мәжбүрлі еңбек тәуекелдерін төмендету мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ еңбек миграциясы саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу жұмыс берушілердің беделін арттырып қана қоймай, бизнестің тұрақты дамуына да оң әсер ететінін атап өтті.
Семинар барысында адам саудасы мен еңбек қанауының алдын алу мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл бағытта Абай облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Данияр Сәрсембаев баяндама жасап, еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау, жұмыс берушілердің заң алдындағы жауапкершілігі және еңбек қатынастары саласында кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында қатысушылар еңбекші-мигранттарды жұмысқа қабылдау кезінде туындайтын тәжірибелік мәселелерді талқылап, қолданыстағы заңнама талаптары, көші-қон рәсімдері, еңбек шарттарын рәсімдеу, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде пікір алмасты. Мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, еңбек заңнамасын сақтау мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар семинарда Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жаңа жоба таныстырылды. Жоба аясында еңбекші-мигранттар арасында сауалнама жүргізіліп, олардың еңбекке орналасу барысында кездесетін қиындықтары, құқықтық ақпараттану деңгейі, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігі мен негізгі қажеттіліктері зерделенеді. Зерттеу нәтижелері еңбек миграциясы саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, қолдау тетіктерін дамытуға және жұмыс берушілер мен еңбекші-мигранттар үшін тиімді ұсыныстар әзірлеуге негіз болмақ.
Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – еңбек нарығында заңдылықты қамтамасыз ету, көлеңкелі жұмыспен қамтудың алдын алу және жұмыс берушілер арасында әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Бұл ретте Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік органдармен тиімді диалог орнатуға және бизнестің тұрақты дамуына ықпал ететін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Өңірдегі мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бизнес қауымдастығының бірлескен жұмысы еңбек миграциясын тиімді реттеуге, еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғауға және кәсіпкерлердің заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал мұндай ашық диалог алаңдары еңбек нарығында әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтырып, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.