Бүгінгі су шаруашылығы - Абай облысының тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуды, экологиялық қауіпсіздікті және әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі болып табылады. Өңірде айтарлықтай су ресурстары бар, бірақ оларды ұтымды пайдалану үшін қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуды, жаңа гидротехникалық құрылыстар салуды және заманауи суды басқару технологияларын енгізуді қажет етеді.
Осы орайда Ертіс өзені бассейнінде су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауды кешенді басқаруды, сондай-ақ су заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды Ертіс бассейндік су инспекциясы жүзеге асырады.
Сонымен қатар, облыстағы су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында соңғы екі жылда "Қазсушар" РМК Абай филиалы, "Абай су қоймалары" мемлекеттік мекемесі, сондай-ақ Абай облысының су шаруашылығы және ирригация басқармасы ашылды.
Шүлбі су қоймасы Абай облысындағы маңызды нысан болып табылады. Ол өңірді электр қуатымен қамтамасыз етеді, су тасқынын реттейді, бірегей экожүйені жасайды және туризм мен балық шаруашылығын дамытудың негізгі түйіні болып табылады. Сондай-ақ, ол Ертіс өзенінің мемлекетаралық су ресурстарын басқарудағы маңызды буын болып табылады.
Гидроэнергетиканы дамыту мақсатында Ертіс өзенінде тағы бірнеше су электр станцияларын, мысалы, Семей СЭС (Шүлбі СЭС қарсы реттеушісі), Белокаменское, Ақжар және Известковое су электр станцияларын салу мәселесі қарастырылуда.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта "Қазсушар" РМК теңгеріміндегі су қоймаларында шағын су электр станцияларын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Абай облысында Қаракөл су қоймасы осы тізімге енгізілген.
Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Абай облысында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қаракөл, Қарғыба, Келді-Мұрат, Базар, Кіші Бөкөн және Көктерек өзендерінде алты жаңа су қоймасының құрылысын салу негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Бұл нысандар су қоймаларының жинақталатын сыйымдылығын арттыруға, ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге, су тасқыны мен құрғақшылық қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Су шаруашылығы және ирригация министрлігі қаржыландырып жатқан Қаракөл және Қарғыба су қоймаларының құрылысына ерекше көңіл бөлінуде. Қалған нысандар бойынша халықаралық қаржыландыруды қамтамасыз ету мүмкіндігімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Қарғыба өзеніндегі су қоймасының құрылысы жобалық жұмыстар аяқталғаннан кейін басталады және жаңа нысан Ақсуат ауданының ирригациялық жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болмақ.
Қолданыстағы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту да маңызды бағыт болып табылады. 2028 жылға дейінгі жоспарларға коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды, соның ішінде Щербаков және Үлкен Бөкен су қоймаларын қайта құру, сондай-ақ 17 суару жүйесін қалпына келтіру кіреді.
Бұл жобаларды жүзеге асыру су ысыраптарын азайтуға, сумен жабдықтау сенімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су саласын дамытудың маңызды бағыты суды үнемдейтін технологияларды енгізу болып табылады. 2030 жылға қарай су үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып, суармалы жерлердің көлемін 88,2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы жылы бес ауданда бұл технологияларды 5,6 мың гектар аумақта енгізу бойынша тоғыз жоба жоспарланған. Заманауи суару әдістері, су объектілерін цифрлық бақылау, гидротехникалық құрылысты басқаруды автоматтандыру су шығынын айтарлықтай азайтуға және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоспарланған жобаларды іске асыру ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар облыста су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу және өзендер мен су айдындарының экологиялық жағдайын сақтау жұмыстары жалғасуда. Жаңа Су кодексінің талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдар елді мекендер шегінде орналасқан су объектілері үшін су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуді аяқтауға міндетті. Бүгінгі күні су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуді талап ететін 219 елді мекеннің 130 елді мекенінде олар белгіленді, ал қазіргі уақытта 55 елді мекенде оларды орналастыру жобалары әзірленуде, ал қалған 34 елді мекен бойынша құжаттама дайындалуда.
Абай облысында Ертіс бассейндік су инспекциясы прокуратура және полиция органдарымен бірлесе отырып, суды заңсыз пайдалану 50 фактілерін анықтап және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізді.
Мамандар су шаруашылығы нысандарына тұрақты түрде тексеру жүргізеді, су заңнамасының талаптарының сақталуын қадағалайды, жер үсті және жер асты суларының пайдаланылуын бақылайды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суды тұтынуы айтарлықтай өсетін вегетациялық кезеңде суару жүйелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Жалпы су шаруашылығында, сондай-ақ Абай ауданында кадрлық әлеует мәселесі маңызды болып табылады. Осы жылғы жаңа оқу маусымынан бастап Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде су саласы үшін мамандар дайындайтын "Су ресурстары және трансшекаралық қауіпсіздік" атты жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылмақ.
Сонымен, түйіндей келе айтарымыз, Абай облысында су шаруашылығын дамыту су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады.
Жаңа су қоймаларын салуды, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуды, заманауи технологияларды енгізуді, су объектілерін қорғауды және су секторы үшін жұмыс күшін даярлауды қамтитын кешенді тәсіл - өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуы үшін берік негіз жасайды.
Медет ЖӘДІГЕРҰЛЫ,
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, пайдалану және қорғау комитетінің
Су ресурстарын пайдалануды
реттеу және қорғау жөніндегі
Ертіс бассейндік су
инспекциясының басшысы