Спикерлердің айтуынша, жыл басынан бері өңірде 293 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында дәрістер, кездесулер, семинарлар, акциялар және мәдени-спорттық шаралар бар. Іс-шараларға 19 мыңнан астам адам қатысып, негізгі назар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аударылған.
Профилактика аясында волонтерлердің қатысуымен есірткі жарнамасы жазылған граффитилер өшіріліп, ақпараттық материалдар таратылды. Сондай-ақ, тұрғындармен кездесулер өткізіліп келеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 775 интернет-ресурс бұғатталып, заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 168 дроп-шоттың жұмысы тоқтатылған.
– Есірткі қылмысына қарсы күрес пен нашақорлықтың алдын алу жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Бұл — тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан жастар арасында түсіндіру және профилактикалық шараларға ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді Думан Үкіжанов.
Айта кетейік, 26 мамыр мен 26 маусым аралығында облыс аумағында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған бір айлық акция өтіп жатыр. Оның аясында жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.