Оның айтуынша, аудандық маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Емелтау» автомобиль жолындағы көпірді жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар «Ақтоғай – Перешеек» жолында шұңқырлы жөндеу жүргізілсе, «Ақшаулы – Мыңбұлақ – Нарын – Шынқожа» бағытындағы жол орташа жөндеуден өтеді. Елді мекендер ішіндегі жолдардың жағдайын жақсарту үшін де нақты жұмыстар қолға алынған.
– Тарлаулы ауылындағы 5 көшені жөндеуге 264,9 млн теңге бөлінді. Қазір мердігер анықталып, жұмыс басталды. Қосағаш ауылында да көше жолдары жөнделеді. Бұл жоба бойынша сатып алу рәсімдері жүріп жатыр, – деді Айбек Нұғымаров.
Аягөз қаласында да жол жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Дүйсенғазин, Дүйсенбергенов, Апрошкин, Манғазбаев, Оразхан және Құлсейітов көшелерін жөндеуге 168,9 млн теңге бөлініп, мердігер анықталған. Қазіргі таңда келісімшарт жасасу кезеңі жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, тағы екі ірі жоба жоспарланған.
– Мерей, Терлікбаева, Нұралинов, Байшашева, Шайханқари көшелері, сондай-ақ Гагарин, Аталықов, Барақ батыр-1 және Барақ батыр-2 көшелері жөнделеді, – деді спикер.
Сонымен қатар жолаушылар тасымалын қолдау шаралары да қарастырылған. Аз қамтылған көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың жол ақысына шамамен 17 млн теңге бөлінді. Ал әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тасымалды субсидиялауға 171,8 млн теңге қарастырылған.
Аягөз ауданында денсаулық сақтау нысандары жаңғыртылып жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Аягөз ауданында денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде дамып келеді.
Ауданның көпсалалы орталық ауруханасы 63 684 тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Оның ішінде қала халқы – 41 075, ауыл тұрғындары – 22 609 адам.
- Өңірде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы аудан бойынша 7 медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Ақшәулі, Байқошқар, Малтүгел, Емелтау ауылдарында медициналық пункттер, сондай-ақ Ақши, Мыңбұлақ, Сарыарқа елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар салынды. Сонымен қатар, Аягөз ауданының көпсалалы орталық ауруханасы базасында 10 төсектік жансақтау бөлімі ашылды, - деп атап өтті Айбек Нұғымаров.
Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы орталық аурухана аумағында МРТ құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Қопа және Тарлаулы ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Аягөз ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артып келеді
Аягөз ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, өнім көлемі артып отыр.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 33 млрд 300 млн теңгеге жетіп, нақты өсім - 102,4 %.
Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Ірі қара –100,7 %-ға, ұсақ мүйізді мал – 101,8 %-ға, жылқы – 103,6 %-ға, құс – 103,4 %-ға артқан.
– Биыл ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 36 млрд 704 млн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мал басын ұлғайту көзделген: ірі қара – 116 200 бас, ұсақ мүйізді мал – 205 мың басқа дейін жеткізіледі. Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін 62 млн 934 мың теңге қарастылып отыр, – деді Айбек Нұғымаров.
Ауданда өндірілетін негізгі өнім түрлері де көбейген. Өткен жылы ет өндірісі 102,4 %-ға, сүт 102,6 %-ға артты.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Былтыр 67 шаруа қожалығы 1 млрд 175 млн 626 мың теңгеге 105 бірлік техника сатып алған. Оның ішінде 71 трактор мен 34 тіркеме бар.
Ал биыл ескі техниканы кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған. 229 трактор есептен шығарылып, олардың орнына 70 жаңа техника алу көзделіп отыр.
– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына 931 млн теңге инвестиция тартылды. Биыл бұл көрсеткішті 4 млрд 500 млн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.