USD467.98EUR533.87RUB6.11

Табиғат пен табыс тепе-теңдігі: Бородулихадағы маңызды басқосу

19 ақпан 2026, 13:57
Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы Бородулиха ауданында өтті. Жиында өңірдегі омарташылар көтеріп жүрген өзекті мәселелер қаралды.
Табиғат пен табыс тепе-теңдігі: Бородулихадағы маңызды басқосу

Кеңес отырысына «Абай облысының омарташылар қоғамы» қоғамдық ұйымы жүгініп, облыс аумағында ара ұяларының жаппай қырылуы, өсімдіктерді химиялық өңдеу кезінде омарташыларды алдын ала хабардар етпеу, көшпелі омарталардың бақылаусыз орналасуы және ветеринариялық бақылаудың жеткіліксіздігі мәселелерін көтерді. Өтініш иелерінің айтуынша, аталған проблемалар бірнеше жылдан бері шешімін таппай, сала кәсіпкерлеріне елеулі экономикалық шығын келтіруде.

Талқылау барысында химиялық өңдеулер кезінде заң талаптарының сақталуы ерекше назарға алынды. Қазақстан Республикасының «Ара шаруашылығы туралы» Заңы нормаларына сәйкес, пестицид қолданатын тұлғалар омарташыларды алдын ала хабардар етуге міндетті. Алайда тәжірибеде бұл талаптардың толық орындалмай отырғаны айтылды.

Сонымен қатар басқа өңірлерден және шет мемлекеттерден аралар мен ара пакеттерін бақылаусыз әкелу, көшпелі омарталарды тіркеудің әлсіздігі, ара қырылу фактілері бойынша зертханалық сараптамалардың жүргізілмеуі секілді мәселелер қозғалды. Бұл жағдайлар эпизоотиялық қауіптерді күшейтіп, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мүдделеріне кері әсер етуі мүмкін екені атап өтілді.

Отырыс барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, тұқым, гербицидтер, пестицидтер және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілетін субсидиялардың уақытылы төленбеуі кәсіпкерлер тарапынан алаңдаушылық туғызатыны айтылды. Кәсіпкерлердің пікірінше, субсидиялардың кешіктірілуі қаржылық жүктемені арттырып, айналым қаражатының тапшылығына әкеледі, егіс науқанына дайындықты қиындатады және шаруашылықтардың тұрақтылығына әсер етеді.

Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2024–2025 жылдары субсидиялар бойынша жалпы берешек көлемі 2 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың ақпан айында 691 млн теңге бөлініп, ішінара игерілген, ал қалған 1,3 млрд теңгені 2026 жылдың наурыз–сәуір айларында төлеу жоспарланып отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға химиялық өңдеулер туралы міндетті хабарлау тетігін енгізу, көшпелі омарталарды тіркеу мен ветеринариялық бақылауды күшейту, ара қырылу деректері бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ субсидиялардың уақытылы төленуін қамтамасыз ету және араларды әкелуге қатысты бақылауды күшейту жөнінде ұсынымдар берілді.

Мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы ескеріле отырып, оның орындалуы Кеңес бақылауына алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2026
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar