USD0EUR0RUB0

Мемлекеттік қызмет жас кадрларды тарту бағытындағы жаңа мүмкіндіктер

3 сағатқа жетпей
Мемлекеттік қызмет – қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің тиімді жұмысын қамтамасыз ететін маңызды институт. Елдің тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты осы саладағы білікті мамандардың кәсіби еңбегіне тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметке жас, білімді және бастамашыл мамандардың келуі басқару жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беріп отыр.
Мемлекеттік қызмет жас кадрларды тарту бағытындағы жаңа мүмкіндіктер

Соңғы жылдары жас таланттарды мемлекеттік басқару саласына тартуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен, GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары нәтижемен аяқтаған түлектерді ауылдық және аудандық деңгейдегі басшы емес лауазымдарға конкурстан тыс қабылдау тетігі. Бұл мүмкіндік жастардың сапалы білім алуға деген ынтасын күшейтіп, кәсіби жолын бастауын айтарлықтай жеңілдетті.

2023 жылдың сәуірінде енгізілген өзгерістердің арқасында біздің өңірде 37 жас маман мемлекеттік қызметке қабылданды. Олар бүгінде облыстың ауылдары мен аудандарында түрлі бағыттар бойынша қызмет атқаруда.

Тікелей қабылдау тәртібі түсінікті әрі ашық талаптарға сай келетін түлектер өтініш береді, құжаттар аумақтық департаментке жолданады. Егер олардың біліктілігі заң талаптарына сәйкес болса, үміткерлер лауазымға тағайындалуға келісім алады. Бұл жүйе әсіресе ауылдық аумақтарды кадрмен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр.

Мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектері үшін де арнайы мүмкіндік қарастырылған. Академияны жоғары нәтижемен тәмамдаған жастар бір жыл ішінде уәкілетті органның келісімімен Астана және облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдарға конкурстан тыс басшылық лауазымдарға орналасады. 2023 жылдың басында енгізілген бұл ереже өңірімізге де әсер етті  бүгінде 4 Академия түлегі түрлі басшылық қызметтерде табысты еңбек етіп жүр.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізуде. Цифрландыру, мансаптық өсуге қолдау көрсету, мемлекеттік басқаруды гибридті модельге көшіру сияқты бастамалар қызмет үдерістерін әрі қызметкерлер, әрі азаматтар үшін барынша тиімді етуге бағытталған.

Жалпы, жүргізіліп отырған реформалардың негізгі мақсаты жастарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың ауылдық аймақтарға оралуына жағдай жасау және елді жаңа деңгейге көтеретін білікті кадрлар корпусын қалыптастыру. Бұл өзгерістер Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жаңғыртудың стратегиялық әрі маңызды кезеңі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar