USD0EUR0RUB0

Зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық науқан басталды

3 сағатқа жетпей
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» – әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы жыл сайын өткізілетін жаһандық халықаралық науқан бастау алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева баяндады.
Зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық науқан басталды

- Науқан 25 қарашада Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күнінде басталып, 10 желтоқсан Адам құқықтары күнінде аяқталады. Биыл  науқан «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» ұранымен өтеді. Қазіргі таңда цифрлық кеңістік қарым-қатынас, білім алу және кәсіби даму үшін кең мүмкіндіктер ұсынып, өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда цифрлық технологиялардың дамуы кибербуллинг, онлайн-қудалау, жеке деректерді келісімсіз тарату сияқты зорлық-зомбылықтың жаңа түрлерін туындатуда. Әйелдер мен қыздар осы санаттағы зорлық-зомбылыққа ең көп ұшырайтын топ болып отыр. Бұл олардың психологиялық жағдайына, әлеуметтік белсенділігіне және цифрлық экономикаға толыққанды қатысуына кері әсер етеді, - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар,    Абай облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Виталий  Каверин  зорлық-зомбылық түрлерінің ішінде ең кең таралғандарын атап өтті.

-  Зорлық-зомбылық түрлерінің ішінде онлайн-қудалау (61%), сексистік мәлімдемелер (37,3%), киберсталкинг (33%) және жалған ақпарат тарату (23,24%), виктимблейминг пен қоғамдық шеймингтің кең таралуы анықталды. Көп жағдайда қоғам агрессорды емес, жәбірленушіні айыптайды. Бұл жағдай цифрлық ортаны қауіпсіз емес етуге әкеледі және зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға ықпал етеді. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің кемінде 12%-ы кибербуллингке ұшыраған. Әлеуметтік желілерде сексуалдық қанау, қажетсіз байланыстар орнату, жасына сәйкес келмейтін контенттің таралуы сияқты қосымша қауіптер бар, - деді полиция подполковнигі.

Науқанның басты мақсаты – әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылыққа қоғамның төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, цифрлық қауіпсіздік пен құрметке негізделген орта құру. Оның міндеттеріне цифрлық зорлық-зомбылықтың түрлері мен салдары туралы ақпараттандыруды арттыру, зардап шеккендерді қорғау тетіктерін таныту және мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, БАҚ пен жеке сектордың өзара іс-қимылын күшейту кіреді.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar