USD0EUR0RUB0

Абай облысының бюджеті екі есеге артты

11 қараша 2025, 12:43
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлім етті.
Абай облысының бюджеті екі есеге артты

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң қарқынмен сақталды. Көлік саласында – 123,4%, байланыста – 106,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 101,3%, ішкі саудада – 105,9%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, инвестиция тарту бойынша – 103,1% өсім байқалды. Тұрғын үй құрылысы саласында 159,9 мың шаршы метр жаңа баспана пайдалануға берілді.

Мемлекеттік бюджетке облыстан 441,4 млрд теңге салық пен міндетті төлемдер түсті. Оның ішінде республикалық бюджетке – 316,7 млрд, жергілікті бюджетке – 124,7 млрд теңге. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 137,3% өсім.

Абай облысы құрылған сәтте бюджеттің жалпы көлемі 251,3 млрд теңге болса, бүгінде Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында бұл көрсеткіш 2 есе өсіп, 500,9 млрд теңгеге жетті.

Өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

 

 Абай облысына 3,5 трлн теңге инвестиция тартылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли атап өтті.

Абай облысында бизнесті қолдау мен инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны 29-дан 97-ге дейін артты. Тартылған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.

Ірі инвестициялық жобалардың бірі – көлемі 577,5 млрд. теңгені құрайтын жалпы ұзындығы 297,5 шақырым «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Бұл – өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған ауқымды жоба.  Мердігер ұйым – China Harbour Engineering Company. 10,5 мың гектар жер учаскесі резервке қойылған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілді, 2023 жылы іске асыру басталды. Қазіргі уақытта жобаға 30 млрд теңге инвестиция салынды. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек өнеркәсіп саласында Түркияның «Miryildiz Kz Ltd.» компаниясы жалпы құны 480 млн АҚШ долларын құрайтын «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын іске асыруды бастады. 

Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд. теңгеге 453 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 13,3 млрд. теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды, 124 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін құны 12,6 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаны іске қосу көзделіп отыр.

 

Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағы 96 гектардан 186 гектарға дейін кеңейтіліп жатыр

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады.

 Абай облысында инвестиция тарту және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс әкімі Берік Уәли 100-ден астам шетелдік инвестормен кездесті. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларымен жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және басқа да маңызды бағыттарды қамтиды.

«Қазіргі уақытта қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 39,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске асырыла бастады. Сонымен қатар, өңірден шыққан танымал тұлғалар, кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында жалпы сомасы 336 млрд теңгеге 15 маңызды келісім жасалды. Оның ішінде жалпы сомасы 31,7 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны іске асыру басталды. Бұл форум облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жергілікті бизнестің жаңа серпін алуына ықпал етті», – деді облыс әкімі.

Индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Семей қаласындағы аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаларға жер беріліп, толық игерілді. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары қолға алынып жатыр.

Өңірге инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Осыған орай Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында арнайы экономикалық аймақ құру үшін 500 гектар жер бөлу жоспарлануда. Бұл жоба жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және өңірдің тұрақты экономикалық дамуына серпін береді.

 

 

Облыс әкімі: Алакөлді дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли хабарлады.

Президент тапсырмасына сәйкес облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жалғасады. Мақаншы ауданы аумағында орналасқан Алакөл көлі айтарлықтай туристік және инвестициялық әлеуетке ие.

Биыл Алакөл жағалауында демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданды. Облыс құрылғалы жағалауда жөндеу жүргізілмегенін ескере отырып, жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару станциясы және өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта туристік аймаққа жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жобаларды жүйелі түрде  және сапалы іске асыру үшін көл жағалауының жаңа бас жоспарының жобасын әзірлеу жоспарланып отыр.

«Жоба аясында жалпы ауданы 1 000 гектардан асатын демалыс және туризм аймақтарын қалыптастыру, сондай-ақ рекреациялық, қоғамдық-іскерлік және тұрғын аумақтарды дамыту көзделген. Сонымен қатар, көліктің қолжетімділігі, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және экологиялық тұрақтылық мәселелеріне баса назар аударылады», – деді облыс әкімі.

Бас жоспарды әзірлеу бірнеше стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталады. Оның ішінде ішкі туризмді дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өңір тұрғындары мен қонақтарының демалыс жағдайын жақсарту.

Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қабанбай ауылы мен Алакөл жағалауының аумақтары біріктіріліп, игерілген аймақ көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл өз кезегінде Алакөлді өңірдің жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Жағалауды дамытудың негізгі бағыттарының бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу жобасы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде.

 

Абай облысында жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли айтты.

Абай облысында жасанды интеллект технологияларын дамыту, оларды түрлі салаларға енгізу және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Семей қаласында «Ақылды қала» бағдарламасын дамыту жөніндегі Жол картасы аясында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және қалалық процестерді автоматтандыру мақсатында 27 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның жетеуі іске қосылды.

Қазіргі уақытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесе отырып, жаңа технологияларды қолданатын бірқатар жобалар әзірленуде. Олардың қатарында Еңбек мобильділігі орталығы үшін онлайн-кезек басқару жүйесі, облыстың киелі орындарының голограммасы, CРM-жүйесі, Делдал-бот, AssylAI жобасы, вакансияларды іздеу және жұмысқа орналастыруға арналған Jidek.kz және республикалық деңгейде алғаш рет іске қосылған sanminimum.kz автоматтандырылған порталы бар.

Жасанды интеллектті тиімді енгізудің басты шарты – сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Осы мақсатта жыл соңына дейін 10 ауыл интернет желісіне қосылады. 2026 жылдан бастап облыстың 179 ауылын және 343 әлеуметтік нысанды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланған. Бұған қоса «Jusan Mobile» акционерлік қоғамы 26 шалғай ауылды «OneWeb» спутниктік технологиясы арқылы интернетке қосуды жоспарлап отыр.

Нәтижесінде 2026 жылы Абай облысы ауылдарының интернетке қолжетімділігі 96 пайызға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, республикалық және облыстық автожолдар бойындағы антенна-діңгек құрылысы 2027 жылы толық аяқталады.

 

Абай облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтып, нақты міндеттер жүктеген болатын.

Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 339,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,8% болды. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдері 209,7 млрд теңгеге өндіріліп, өсім 105% деңгейінде қалыптасты.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында биыл 15,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамытуға – 2,5 млрд теңге, мал шаруашылығына – 4,8 млрд теңге, қаржы құралдарын субсидиялауға және қайта өңдеу саласына – 7,8 млрд. теңге қарастырылды. Сондай-ақ, көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін өңір шаруаларына «Кең дала» бағдарламасы бойынша 9,5  млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 9 айда облыста 101 мың тонна ет (5%-ға өсім) және 248,4 мың тонна сүт (6%-ға өсім) өндірілді. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығы қызметкерлері 446 бірлік заманауи техника сатып алып, техника паркін жаңарту деңгейі 5,1%-ға жетті.

Биылғы егіс жұмыстары 782,1 мың гектар алқапта жүргізілді. Президенттің егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында дәнді дақылдар алқабы 12 мың гектарға қысқарып, жоғары рентабельді майлы дақылдар алқабы өткен жылмен салыстырғанда 42,5 мың гектарға ұлғайды.

Облыста 113,4 мың гектар суармалы жер бар, оның 31,6 мың гектары немесе 27,8% пайдаланылуда. Су үнемдейтін технологияларды қолданылатын алаң 22,1 мың гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,3 мың гектарға ұлғайды.

 

Абай облысында 6 су қоймасы салынады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли атап өтті.

Су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары аясында өңірде 6 су қоймасын салу, 10 гидротехникалық құрылысты және 17 ирригациялық жүйені қайта жаңарту жоспарланған.

Аталған жобалар жүзеге асқанда 31 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіліп, 180 миллион текше метр су жиналады. Сонымен қатар, 181 шақырым магистральдық арна жөнделіп, егістіктегі өнімділік гектарына 16 центнерден 27 центнерге дейін артпақ.

Бұдан бөлек Ертіс өзенінің гидропотенциалын пайдалану арқылы облыстың суармалы жер көлемі қосымша 70 мың гектарға ұлғайып, барлығы жиыны 214 мың гектарды құрайды. Нәтижесінде су үнемдейтін техноголияларды қолдану алаңы 13,9 мың гектардан 88,2 мың гектарға дейін ұлғаяды.

 

 

Абай облысында 2026 жылы ірі ет комбинаты іске қосылады

 Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли хабарлады.

Абай облысының Жаңасемей ауданындағы «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін 7,7 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна шығарылатын ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр. Ет комбинаты құрылысы өндірістік бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттырып, толық өндірістік циклді қамтитын ет кластеріне айналмақ. Кәсіпорын 2026 жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. 

Бұл бағытта биыл «Мәуліт» шаруа қожалығында жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 5 мың басқа арналған өндірістік мал бордақылау алаңы іске қосылды. 2031 жылға дейін ет кластерін құру бағытында облыстағы бордақылау алаңдарының қуаттылығын 21 мың бастан 86,5 мың басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Оған қажетті барлық мемлекеттік қолдаулар мен несиелік бағдарламалар бар.

Ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыру арқылы майлы дақылдар алаңын ұлғайту шараларының нәтижесінде жалпы құны 7 млрд теңгеге «DI-NUR COMPANY» ЖШС құрама жем өндіру және майлы дақылдарды өңдеу зауыты және құны 1,5 млрд.теңге болатын «Шын Жан ЖУО АНГ-Сұңқар» ЖШС майлы дақылдарды өңдеу зауыты іске қосылды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың желтоқсанында қайта өңдеу саласын дамыту бағытында «QAZAQ ASTYQ GROUP» ЖШС-мен инвестиция көлемі 8,2 млрд теңгені құрайтын тазартылған күнбағыс майын өндіру желісі іске қосылады.

Жоба аясында жем өндіруден бастап дайын өнімге (тазартылған күнбағыс майы) дейін толық өндірістік циклды қалыптастырып, күнбағыс дәндерін қалдықсыз өңдеу жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, 2026-2027 жылдары HARVEST агрохолдинг шетелдік компаниясының 34 млрд теңге көлемінде инвестициясын тарту арқылы Мақаншы ауданында «Абай Харвест» ЖШС жалпы көлемі 29 мың гектарды құрайтын егістік жерлерде (жүгері, соя егу) су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі пысықталуда.

 

Абай облысының әкімі: Өңірде тозығы жеткен жылу қазандықтары жаңғыртылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады.

Абай облысындағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықты жылумен қамтамасыз ету. Жылыту маусымына дайындық барысында арнайы талдау жасалып, облыс аумағында жылу желілерінде анықталған ақауларды жою жұмыстары жүргізілді.

Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында биыл бұл мақсатқа 11,8 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Семей қаласын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желілері ауыстырылды.

«Өздеріңізге белгілі, Аягөз қаласында да жылу тапшылығы  проблема болды. «Орталық» қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. Сонымен қатар, 3,9 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Курчатов қаласында, Жарма, Бородулиха, Жаңасемей аудандарында 9 жылу көзінде және 4 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді» , – деді облыс әкімі.

Жалпы, жылыту маусымы облыста 29 қыркүйекте басталып, штаттық режимде өтіп жатыр.

Семей қаласында жаңа жылу электр орталығы салынады

 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли айтты.

Семей қаласының оң жағалауында қазіргі таңда жылу энергиясының тапшылығы – 146,99 Гкал. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары үшін өзекті болып келеді. Президенттің Семейде жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу туралы тапсырмасы осы проблеманы түбегейлі шешуге бағытталған. Осы мақсатта Абай облысы әкімдігі, «Самұрық-Энерго» АҚ және жобалаушы ұйымдардың қатысуымен жедел жұмыс тобы құрылды. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталу сатысында.

Жаңа жылу электр орталығының қуаты – 1000 Гкал, ал электр қуаты – 360 МВт болады. Нысанның бірінші кезеңін пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Бұл жоба іске асқанда Семейдің оң жағалауындағы жылу тапшылығы жойылып, экологиялық тұрғыдан тиімсіз және қуаттылығы төмен ескі қазандықтар жабылады.

 

Абай облысында халықты сапалы ауыз сумен қамту үшін 33 жоба іске асырылуда

 Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлім етті.

Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай облысында 33 жоба жүзеге асырылуда. Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 16,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Аталған жобалар іске асқанда 38 мың адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде облыстың сумен қамтылу деңгейін 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Су желілерінің тозуын азайту мақсатында биыл 4 жоба аяқталып, тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетіледі. Келесі жылға 24 су желілерін қайта құру жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, облыс орталығындағы Мұрат саяжайы мен Бобровка кенттерін электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

 

 

Абай облысында жол инфрақұрылымы мен көпірлерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

 Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли атап өтті.

Абай облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл республикалық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының 184 шақырымы аяқталды. Бұл бағыт өңірдің ішкі және сыртқы көлік байланысын жақсартып, облыстың көршілес Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен шекаралық сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек Қытай компаниясымен («China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD») Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойылды. Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.

Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 21,4 млрд. теңге қарастырылды, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу, 40 аулада аумақтарды асфальттау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 35 аула абаттандырылды.

Семей қаласындағы Қарағайлы және Энергетик шағын аудандарын «Омбы – Майқапшағай» тас жолымен жалғайтын жаңа көше пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынды, шамдардың тіректері орнатылды.

Семей қаласында төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда. Жоба Мемлекет басшысының қолдауымен, Қытай Халық Республикасымен өзара іс-қимыл аясында қайтарымсыз қаржы (грант) есебінен аяқталады. Екі ел арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.

Биыл Семей қаласының символына айналған аспалы көпір мен автогуж көпірінің асфальт жабындысы толық ауыстырылды. Аспалы көпірге толық күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

 

Семей қаласында жаңа ықшам аудан салынады

 Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли хабарлады.

Абай облысында жыл басынан құрылыс жұмыстарының көлемі 194 млрд теңгені құрады. 159,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту  үшін биыл 1 146 жалға берілетін пәтер сатып алуға 23,3 млрд теңге бөлінді. Қала мен аудан әкімдіктері 213 пәтерді сатып алды.

Сонымен қатар, Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында биыл 21,6 мың шаршы метр 4 несиелік тұрғын үй пайдалануға берілді, тағы 13 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Облыста тұрғын-үй кезегінде 30 мыңға жуық адам тұр, оның ішінде Семей қаласы бойынша – 20,5 мың адам. Осы мәселені шешу үшін қаланың тарихи орталығындағы инфрақұрылымның тозуын, жаңа құрылыс үшін бос алаңдардың тапшылығын ескере келе, әкімшілік-іскерлік орталықты орналастыра отырып, жаңа тұрғын аудан құру ұсынылды. Бұл Семей қаласындағы якорлық жоба болып, өңірдің өсуі мен урбанистикалық дамуының жаңа қозғаушы күшіне айналады. Тұрақты жұмыс орындары ашылып, өңірге қомақты инвестиция тартылады.

Баспана кезегін азайтып, халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласының бас жоспарына түзетулер енгізіліп жатыр.

 

Абай облысының әкімі: «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салады

 Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады.

 Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Осы ғимараттардың негізгі бөлігі Семей қаласында бой көтеретін жаңа тұрғын ауданда орналасатын болады.

«Еліміздің 14 өңірі өз жобаларын белсенді түрде іске асырып жатыр. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы «Достық» үйін, Түркістан облысы Көрме орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі кешенін, Атырау облысы «Абай әлемі» кітапханасын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Қостанай облысы Руханият орталығын, Қарағанды облысы Ботаникалық саябақты, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды қолға алды. Ал Астана қаласы «Келешек» мектебін, Алматы қаласы медиа орталығын, Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын салуға жобалық жұмыстарды жүргізуде», – деді облыс әкімі.

 

Абай облысында биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп ашылды

 Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли айтты.

Оқушы орындарының тапшылығын азайту және білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Абай облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл 4 мектеп (Семей қаласы Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық, Бесқарағай ауылында 300 орындық, Аягөз қаласында 600 орындық) ашылды. Қазіргі таңда Семей қаласындағы Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда», – деді облыс әкімі.

Апатты мектептерді жою бағытында Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық мектептің құрылысы биылғы жылдың шілде айында басталды. Бұдан бөлек Семей қаласындағы №4 және №30 мектептерде қосымша ғимараттар салынуда.

Семей қаласында 2024 жылдан бері 500 орындық көпфункционалды Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп келеді. Нысанның бүгінгі дайындығы 75%, толық аяқтау үшін арнайы мемлекеттік қордан 7,6 млрд теңге бөлінді.

Биыл облыстағы 12 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,9 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, облыстың 75 мектебіне 131 оқу кабинеті, оның ішінде 89 жаңа модификациядағы кабинеттер сатып алынды. Жыл соңына дейін «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы 36 мектепке 58 кабинет орнату жоспарланған.

 

Абай облысында денсаулық сақтау саласы кезең-кезеңімен жаңғыртылуда

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли мәлім етті.

Абай облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы табысты іске асырылып келеді.

2024 жылы өңір бойынша 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілді. Биыл Ақсуат ауданының Қожагелді және Аққала ауылдарында жаңа медициналық пункттер салынды. Жыл соңына дейін Үржар ауданында күндізгі стационары бар дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

Арнайы мемлекеттік қордан 5,6 миллиард теңге бөлініп, үш әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар – Семей қаласында 18 жастан асқан адамдарға арналған 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме, Үржар аудандық көпсалалы орталық ауруханасы базасында «Тері коронарлық араласу орталығы» үшін қосымша ғимарат және Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасы жанынан магнитті-резонанстық томограф орнатуға арналған қосымша нысан.

«Жалпы, биыл өңірдің денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,9 млрд. теңге бағытталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семей қаласында 300 төсек орындық облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасының құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», – облыс әкімі.

 Ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін күшейту және шалғай ауылдардағы әйелдерге медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Салауатты ана» пансионаты ашылды. Мұнда жүкті әйелдерге кешенді әлеуметтік-медициналық көмек көрсетіледі.

 

Абайдың 180 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли атап өтті.

Биыл өңірде ұлттық өнер мен руханиятты дәріптейтін бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар өткізілді. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай лайықты деңгейде атап өтілді.

Тұңғыш рет 10 күндік ретінде өткен хакімнің мерейтойында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Кешенді жоспар аясында энциклопедиялық порталдың, Абайға қатысты бірқатар кітаптің тұсаукесері, ғылыми конференция, жастар арасында интеллектуалдық сайыс және Қарауылда ұлттық ойындар сынды халықаралық, республикалық, өңірлік деңгейде 100-ден астам шара атқарылды.

Сонымен қатар, мерейтой аясында Абай ауданында да инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды. Семей–Қарауыл және Семей-Қайнар бағытындағы жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бөрілі ауылы мен Жидебайда байланыс сапасын жақсарту мақсатында антенналық діңгектер мен электр желілері орнатылды. Осының арқасында Абай ауданы 100% интернетпен қамтылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарауыл ауылындағы Әуезов пен Шәкәрім көшелерінің жолдары жөнделді. Сонымен қатар, ауылдың орталық алаңы, арбаты, «Абай елі» алаңы мен саябақтар жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Жуырда облыс әкімдігінің атсалысуымен Рим қаласының Вилла Грациоли саябағында ұлы ойшылдың мүсіні (бюсті) орнатылды.

Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры Талдықорған қаласында өткен халықаралық «Biken Fest – III» фестивалінде «Абай айтқан Еңлік – Кебек» спектаклімен Гран-при иеленді. Сол сияқты «Дариға-ай» жастар театры Жезқазғанда өткен халықаралық Ж. Хаджиев атындағы театр фестивалінде «Өз отыңды өшірме» спектаклімен Гран-при жеңіп алды.

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын ұйымдастыратын  «Рухани қазына» – 2025 фестиваліне қатысып, «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясын иеленді. Биыл өңірімізде Қазақстан халқына қорының «Kitap – lab» жобасы аясында 30 ауылдық кітапханаға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Абай облысында 11 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады.

Абай облысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Әртүрлі спорт түрлері бойынша биыл облыстың 451 спортшысы Қазақстан Республикасының құрама командасына енді. Өңір спортшылары республикалық жарыстарда – 1 355 медаль (оның 413-і - алтын, 373-і күміс, 569-ы қола медаль), халықаралық жарыстарда - 235 медаль иеленді (оның 72-сі алтын, 66-сы күміс, 97-і қола медаль). Олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерінен атап өтсек, Азия чемпионаттарында 30 алтын, 18 күміс, 10 қола, Әлем чемпионаттарында 4 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.

 «Елімай» футбол командасы 2024-2025 маусымды 4 орынмен аяқтады және УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды. «Семей» футзал командасы 2024 жылы ел Кубогының жеңімпазы атанды. 2025-2026 жылғы маусымда чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. «Даму бала» ақпараттық жүйесі арқылы биыл 91 спорттық секциялармен 5 515 бала қамтылған.

Жыл басынан бері облыста үш жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта бес нысанның құрылысы аяқталу сатысында. Бұдан бөлек облыс бойынша 11 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жеке кәсіпкерлермен жасалған меморандумдар аясында да бірқатар нысандар бой көтеруде. Сондай-ақ «Туған жерге туынды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласы әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС арасында меморандум жасалып, облыс орталығында 25 мың көрерменге арналған заманауи стадион салу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar