
Шара аясында тәртіп сақшылары түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында рейдтер ұйымдастырады. Сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандарға дәмханаларда, компьютерлік клубтарда және ойын-сауық орталықтарында болуға, ал 23:00-ден кейін — үйден тыс жерде ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүруге заңмен тыйым салынған.
– Рейд барысында полиция қызметкерлері қаланың аулаларын, саябақтарын, скверлерін, сондай-ақ жастар жиі жиналатын орындарды тексереді. Мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың және қоғамға жат әрекеттердің алдын алу. Сонымен қатар, алкоголь ішіп, тыныштықты бұзған, ұсақ бұзақылық жасаған жасөспірімдерді анықтап, олармен профилактикалық әңгіме жүргізіледі, – деді Бауыржан Садақбаев.
Полиция департаменті ата-аналарға өз балаларының қайда жүргеніне бейжай қарамауға және олар үшін толық жауапкершілік алуға шақырады. Егер кәмелетке толмағандар заңға қайшы жағдайда ұсталып жатса, олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік шаралар қабылдануы мүмкін.