
– Бүгін біз маңызды тақырыптарды талқылау үшін бір алаңға жиналдық. Өңірлік ғылымның дамуы – тек мамандар үшін емес, тұтас қоғам үшін өзекті. Абай облысы ғылымды, білімді, жаңа технологияларды қолдауға әрдайым ашық. Бұл кездесуден нақты ұсыныстар мен жаңа идеялар туындайды деп сенемін. Баршаңызға табысты жұмыс тілеймін! – деді әкім орынбасары.
Шара аясында ядролық энергетика, цифрлық трансформация, ғылымның даму болашағы мен кадр даярлау мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері мен сарапшылар қатысты.
Сонымен қатар, «Аймақтық ауыл шаруашылығы үшін ғылым: ауыл шаруашылығын өзгерту үшін университеттік технологиялар – деректерден шешімдерге дейін» тақырыбында Шәкәрім университетінің халықаралық байланыс және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай баяндама жасады.
- Ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыдан жаңғыртпай, өңірлік экономиканың тұрақты дамуын елестету мүмкін емес. Бүгінде университеттер тек білім беретін емес, нақты шешімдер ұсынатын ғылыми орталыққа айналуы тиіс. Біз деректерге негізделген агротехнологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығында тиімділікті арттыра аламыз. Шәкәрім университеті бұл бағытта агросекторға арналған цифрлық шешімдер мен инновациялық жобаларды дамытуда. Ғылым мен өндірістің өзара байланысы – өңірлік аграрлық саясаттың негізі болуы керек, - деп атап өтті спикер.
Іс-шара соңында спикерлер мен қатысушылар арасында пікірталас өтіп, әр сала мамандары өз ұсыныстарын ортаға салды.