
– Облыс аумағында 18 коммуналдық жағажай, 2 жеке жағажай және суға түсуге арналмаған, бірақ жаппай демалыс пен туризм үшін пайдаланылатын 4 арнайы орын бар, – деді ол. – Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 66 орын мен шағын кемелерді пайдалануға болмайтын 2 учаске анықталды.
Облыс орталығы Семей қаласында қазіргі таңда 3 коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Спикердің айтуынша, биыл Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан қала әкімдігіне қосымша 6 жаңа жағажай ашу туралы ұсыныс жолданған.
– Қала тұрғындары бұрыннан демалуға дағдыланған, халық арасында кең таралған бірқатар орындар бар. Бұл аумақтар ресми бекітілмесе де, тұрғындар жыл сайын сол жерлерге барып шомылады. Сондықтан аталған учаскелерді заңдастырып, ресми жағажай ретінде ашу ұсынылуда. Ол үшін барлық қауіпсіздік талаптары сақталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс, – деді Азамат Орынбаев.
Биыл суға түсу маусымы басталар алдында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар 100-ден астам тыйым салу белгілерін орнатқан. Құтқарушылар өңір тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр. Еске салсақ, өткен жылы 39 адам құтқарылып, 17 адамның суға кету фактісі тіркелген.