
Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 503 азаматқа көшу шығыстарын өтеу үшін бір реттік материалдық көмек көрсетіліп, 152 отбасының тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер шығындары өтелді. 112 отбасына тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаттары берілді. Сертификат сомасы бір отбасына тұрғын үй құнының 50 пайызы яғни 1 160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде болады.
– Жаңа тұрғылықты жерінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды қолдау аясында мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, көшу үшін бір реттік материалдық көмек беріледі. Бұл отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК құрайды. Қоныс аударушылар мен қандастарға қажет болған жағдайда техникалық және кәсіптік оқытуға, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіледі,- деп атап өтті Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек.
Сонымен қатар, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстары төленеді. Қалаға қоныс аударғандарға бір адам үшін 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны 2 - 4 адам болса - 25 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда - 30 АЕК құрайды. Ауылға көшіп келушілерге бір адамға 15 АЕК, отбасы мүшелерінің саны 2 - 4 адам болғанда 18 АЕК, отбасы мүшелерінің саны бес және одан да көп болғанда 21 АЕК төленеді.
– Республикада этникалық қазақтар-басқа елдердің азаматтары «Ата жолы» картасын ала алады. Қазақстан аумағында 10 жыл өмір сүріп, жұмыс істей алады. Карта иелері автоматты түрде тұруға рұқсат алады және көшу үшін аймақты өз бетінше таңдау мүмкіндігі бар. «Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ басқа елдің азаматы бола отырып, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие, - деп толықтырды Айман Нұрлыбек.
2025 жылы қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы бойынша бағдарлама шеңберінде 499 адамды (244 қандас, 255 қоныс аударушы) қабылдау жоспарлануда.