Биыл 90 жылдық тарихы бар Shakarim University Халықаралық рейтингтерде біршама жетістіктерге қол жеткізді. QS Stars Rating System халықаралық рейтингісінде бірнеше бағыт бойынша «Бес жұлдыз» артықшылығына ие болды. Алғаш рет QS Sustainability Rankings беделді рейтингіне еніп, көптеген көрсеткіштер бойынша аймақтағы көшбасшыға айналды. Сонымен қатар, университет дамуындағы ең айтулы оқиғалардың бірі – QS Asia University Rankings 2025 рейтингісінде (Азияның 25 елінен 984 университетті бағалаған) Shakarim University 501-520 орынға тұрақтап, өткен жылмен салыстырғанда 100 сатыға жоғарылады.
76 білім беру бағдарламасы аккредитациядан өтсе, халықаралық жоғары оқу орындарымен 36 серіктестік келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта университетте жалпы сомасы 4,9 млрд теңге болатын 52 ғылыми жоба жүзеге асырылуда.
Биылғы жыл – университет инфрақұрылымын дамытудың бетбұрысты жылы болды. Ұзақ жылдар бойы консервацияда тұрған бұрынғы «Юность» асханасы қазір заманауи және жайлы «ЖасStar» Сo-working орталығына айналды. Ескі бекіністегі оқу базасы, Агробиолаборатория, Спорт кешені, Инжиниринг орталығы және Агротехнопарк ерекше өзгерістерге ұшырады.
Ректордың есебінде жиі қолданылған «алғаш рет» деген сөздер оқу ғимараттары мен студенттер үйлерінде орнатылған өрт дабылы, бейнебақылау жүйесі, дыбыстық хабарлама жүйесіне қатысты айтылды. Алғаш рет №1 жатақхананың 3-ші подъезіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, үш подъездің екеуіндегі лифт толық жаңартылды. Үшінші блоктағы 32 бөлме толық жөндеуден өтті: жылыту жүйесі, сантехника, жуынатын бөлмелер жаңартылды, электромонтаж және әрлеу жұмыстары жүргізілді, ас үй және киім шкафтары орнатылды. Бұл бөлмелерді жас оқытушылар мен ғалымдарға жалға берілетін тұрғын үй ретінде пайдалануға шешім қабылданды.
Ректор Думан Орынбеков атап өткендей, «2024 жыл Shakarim University-дің инфрақұрылымдық ауқымды трансформациясымен есте қалады.
Бірақ келесі жыл біздің ойларымызды, болашаққа деген көзқарасымызды өзгертуден басталуы керек. Біз жіберіп алған мүмкіндіктер «мұрасын» еңсердік. Нысандарға жаңа тыныс беріп, олардың мазмұнды болуына қол жеткізе алдық. Бұл тек бастамасы. Инфрақұрылым – бұл өсу, даму және әрқайсымыздың жетістігіміздің көрсеткіші. Бүгінгі есеп беру кездесуінің дәл осы коворкинг-орталықта өтуі де кездейсоқ емес. Бұл орын – өзгерістердің символы. Мұнда ескі дәуір аяқталды. Енді жаңа дәуір басталады. Біз тың серпінмен алға қарай қадам басамыз!».