Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырхановтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша тұрғын үй кезегіне 19 584 азамат тіркелген. Оның 13 923-і Семей қаласының тұрғындары. Сондай-ақ, кезекте тұрғандардың ішінде жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар бар.
• Облыстың қалалары мен аудандарының әкімдіктері «Concordia group» ЖШС-мен жасалатын жыл сайынғы шарттар шеңберінде «Кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі» ақпараттық порталында іске асырылған «Shanyraq тұрғын үйге кезек» сервисіне қол жеткізу үшін «Kezekte.kz» сайтына тіркеледі. Аталған сайт мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді есепке қою, бөлу және кезекте тұрғандарды автоматты түгендеу рәсімін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Жандос Қайырханов.
Былтырғы жылдың осы кезеңінде облыс бойынша кезекке тұрғандардың жалпы саны 365 адамға өскен. Яғни, ай сайын орта есеппен 30 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген.
• Жыл басынан бері Абай облысында 480 адам, оның ішінде Семей қаласы бойынша 278 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 200-ге жуық отбасы үшін тұрғын үй бөлу жоспарланған. Бұл мұқтаждарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұлғайтуға және өңірдегі кезекті қысқартуға мүмкіндік береді, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.
Облыс орталығындағы кезекте тұрған азаматтардың баспаналы болуының оң динамикасы байқалады. Семей қаласының Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Диана Шаяхметованың мәліметінше, соңғы үш жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 750 отбасыға пәтер кілттері табысталған.
• 2022 жылы Қарағайлы шағын ауданында 128 пәтер берілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 211-ге дейін ұлғайды. Атап айтар болсақ, Ұшақтар және Комсомол кенттеріндегі көпбалалы отбасыларға 108 пәтер, ал Қарағайлы шағын ауданында азаматтардың басқа санаттарына 103 пәтер бөлінді. Ал ағымдағы жылы көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары және жетім балалар сияқты осал санаттағы кезекте тұрғандарға 77 пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, 2024 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында осы санаттағы азаматтарға тағы 323 пәтер беру жоспарлануда, - деп қорытындылады Диана Шаяхметова.