- Басқарма алдында аграрлық секторда күзгі дала науқанын сәтті аяқтау міндеті қойылған. Жалпы, баптап өсірген бидайды соңғы дәніне дейін жинап алу – күзгі жұмыстың ең маңызды бөлігі. Ағымдағы жылы егін жинау алаңы 749,5 мың га құрап отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар – 299,0 мың гектар, майлы дақылдар 295,8 мың гектар, картоп 5,8 мың гектар, көкеністер 5,4 мың гектар және жем-шөп дақылдары 143,5 мың гектар аумақты алып отыр, - деді Мирас Тохтарханов.
Облыс аумағында көктем-жаз мезгілінде ауа-райының қолайлығы, топырақ ылғал қорының оңтайлығы диқаншылардың ауыл шаруашылығы дақылдар өнімін өткен 2023 жылмен салыстырғанда жоғары көлемде алуына мүмкіндік беруде. Бүгінгі күнге дейін барлық 299,0 мың га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар аланының 90,8% жиналып, орташа өнімділік 15,1 ц/га құрап, 409,7 мың тонна астық бастырылған.
- Қазіргі уақытта облыста майлы дақылдарды жинау жұмыстары басталды. Жоспар бойынша атқарылатын жұмыстар 295,8 мың гектар жерді құрайды. Түсім жаман емес, 11 мың гектар алаңнан 11 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Егін жұмыстарына 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн, 700 орақ (жатка) тартылды. Жиналған егінді сақтау мақсатында облыста сақтау көлемі 206 мың тонна астық қабылдау кәсіпорындары (4 лицензияланған элеватор), сондай-ақ жалпы сақтау көлемі 870,9 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің астық қоймалары бар, - атап өтті басқарма басшысының орынбасары.
Ауыл шаруашылығы жануарларын қажетті азықпен толыққанды қамтамасыз ету басқарманың тағы бір міндеті. Деректерге сәйкес қазан айына дейін облыс бойынша 1 720,0 мың тонна шөп (99,5%), 48,8 мың тонна пішен (100%), 53,9 мың тонна сүрлем (90,9%), 85,1 мың тонна (100%) сабан, 109,8 мың тонна кұнарлындырылған жем (93,2%) дайындалды.
- Ауыл шаруашылығы жануарларын қыстық азықпен толыққанды қамтамасыз ету үшін 15 қарашаға дейін жоспарланған азық көлемінің 100%-ы дайындалатын болады. Бұл бағытта, ауыл шаруашылығы техниканың жеткілікті паркі бар. Абай облысы мал шаруашылығы саласына бейім болғандықтан, Басқармамен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жем-шөп өндірісін дамыту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деп қорытындылады Мирас Тохтарханов.