Ойынның ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер 15 000-50 000 теңге аралығында сатылып жатыр.
Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Бұл ретте, жарыстардың орташа билет құны – 3 600 теңге. Мәселен, қазақ күресі, алыш және көрәш спортына билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында екен. Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
«Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша кіл мықтылар жүлдеге таласады. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.
Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін жетпек. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ. Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000 теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін сатылады.
Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 600 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін ұсынылады. Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.
Айтпақшы, азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.
Барлық жарысқа билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болатынын еске саламыз.