Жүлде қоры 24 900 000 теңгені құрайтын жарыс құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге мен жорға жарыс сияқты 4 түр бойынша өтеді. Шара серіктестері Бәйге федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігі, Палодар облысының әкімдігі, Ұлттық спорт қауымдастығы.
«Қазір бәйгеден Қазақстан командасын жасақтау процесі жүріп жатыр. 3 және 11 тамызда Павлодар мен Алматы қалаларында іріктеу өтеді. Солардың нәтижесі бойынша 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бәйге жарысына Қазақстаннан қатысатын жылқылар анықталады. Астанадағы Көшпенділер ойындарының бәйге жарысына шамамен 10 елдің өкілдері қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей Федерациясы мен басқалар бар», - деді «Бәйге федерациясы» РҚБ вице-президенті Жомарт Сайболатов.
Еске салсақ, республикалық бәйге федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар Қауымдастық құрамында көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» және т.б. федерациялар бар. Қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.
Ипподром мекенжайы: Павлодар қаласы, Солтүстік өндірістік аймақ, 45
Өткізу уақыты: 3 тамыз, сағат 15.00.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі