Кездесу барысында «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары Валентина Алиясова мәдени және географиялық зерттеулердің маңыздылығын атап өтіп, Сәрсенбай Қотырашовтың Орталық Азия туралы білімді насихаттаудағы рөлін ерекше тілге тиек етті. Ол ұйым атынан саяхатшыға қолдау білдіріп, алдағы саяхатында сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы Басшысының кеңесшісі Мәди Манатбек те өз тілегін жеткізіп, Сәрсенбай Оспанұлының миссиясын сәтті орындап, елге аман-есен оралуын тіледі.
«Сәрсенбай Оспанұлын саяхатшы деп танысақ, бүгін ол кісінің көшпелі жұрттың өмір-салтын терең зерттеген тарихшы-ғалым екеніне көзіміз жетті. Көшпенділер отаны - қазақ елі екенін сапар жасаған жерінің барлығында айтып, тарихи тізбегін жалғастырып келе жатқанына тәнті болдық. Енді міне Ресей, Моңғолия, Қытай елдеріне жасайтын сапарында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынындарын барынша насихаттаймын деп отыр. Сәрсенбай ақсақалдың сапары сәтті болсын дейміз!», - деді ол.
Танымал саяхатшы және марафоншы Сәрсенбай Қотырашов шамамен 3000 шақырымды құрайтын үлкен жаяу сапарға аттанады. Ол 2 тамыз күні Өскемен қаласынан шығып, күніне орташа есеппен 40 шақырым жүруді жоспарлап отыр. Саяхатшы өзінің үш айға созылатын сапарын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнайтынын жеткізді.
«Мен өзімнің жаяу саяхатымды алдағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнаймын. Біз көшпенділердің ұрпағымыз және олардың бай мәдениеті мен мұраларын әлемге танытқым келеді. Мен Алтай және Моңғолия арқылы Қытайға дейін жетуді жоспарлап отырмын», - деді Қотырашов сапарға аттанар алдында.
Сапары барысында Сәрсенбай Оспанұлы көшпенді халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысып, өз әсерлерімен және жаңалықтарымен әлеуметтік желілер мен медиа арқылы көпшілікпен бөлісуды жоспарлап отыр. Оның экспедициясы Орталық Азия көшпенді халықтарының бай тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған.
Сәрсенбай Қотырашов - марафоншы, саяхатшы, шабыттандырушы тұлға. 2022 жылы ол 72 жасында еліміздің 17 облысын 6 айда 8000 км жолды жаяу жүріп өткені үшін Қазақстанда танымал бола бастады. 2023 жылы Атырау (Қазақстан) қаласынан Ыстамбұл (Түркия) қаласына дейін жаяу 3000 км қашықтықты бағындырды.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.