- Абай облысында 361 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 167 балабақша, олардың 91- мемлекеттік, 76- шекеменшік шағын орталықтар - 194 бірлік. Мектепке дейінгі ұйымдарда 2554 педагог жұмыс атқарады. Айта өтсек, былтырғы жылы облыс бойынша 2619 орындық 9 жекеменшік мектепке дейінгі мекеме, Семей қаласы бойынша 237 орын ашылды. Облыстың 302 білім беру ұйымдарында 54594 оқушыға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Алдағы уақытта Семей қаласында 1 қыркүйекке дейін жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 596 орын ашу жоспарлануда, - деп атап өтті Нұржан Ахметқалиев.
2027 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облыста 2100 орындық 9 балабақша салу жоспарланып отыр. Облыс бойынша 309 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді .
- Биылғы жылы күрделі жөндеу жүргізуге 3 білім беру мекемесі үшін 335,8 млн.теңге бөлінген. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 1 жобаға 120,6 млн. теңге көзделген. Сондай-ақ, робототехника кабинеттерімен барлығы 3010 жиынтық мектеп қамтылды. Әр мектепте 20 Lego EV3 және Aruino UNO робототехника жиынтықтарымен қамтамасыз етілген. Қалған мектептер IT сыныптарымен, интерактивті тақта және 2-3 робототехника құралдарымен жабдықталған, - деді басқарма басшысы.
Мектеп оқушыларын арнайы оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 18 маусымда www.goszakup.gov.kz веб-порталында жалпы сомасы 491,1 млн. теңгеге 16 баспамен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу шарттары жасалған. Сондай-ақ, оқу-әдістемелік кешендерді тасымалдауды қамтамасыз етуге ағымдағы жылға 5,1 млн.теңге бөлінді.
- Мектептер орналаспаған 111 елді мекендерде 4216 оқушы күнделікті тасымалдаумен қамытамасыз етіледі. Оқушыларды тасымалдау үшін 4 көлік құралын сатып алуға 100,0 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін жағдай жасау басқарманың тұрақты бақылауында. Облыста ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау үшін «Мейірім» акциясы іске асырылуда. Жоспарды іске асыруға 17 облыстық басқарма, 77 әкімдік бөлімдері, 70 білім беру, 34 денсаулық сақтау, 3 ЖОО ұжымдары қолдау көрсетуде, - деді спикер.
Абай облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 5700 оқушыға арналған 11 мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары облыстың КПР шеңберінде 200 орындық 3 маусымдық лагерь салу көзделіп отыр.