30 шілдеде Бесқарағай ауданында Шошқалы көлінде «Бесқарағайдың інжу-маржанын сақтайық» акциясы аясында жағалауды қоқыстардан тазарту, қоқыс жәшіктерін орнату және т. б. жұмыстар жүргізілді.
Акцияға аудан басшылығы, белгілі спортшылар, жас отбасылар, аудан депутаттары, ауыл тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен еріктілер, сондай-ақ «Жасыл ел» жасағы белсене қатысты.
Жалпы, акцияны өткізу үшін 5 арнайы машина және 100-ге жуық адам жұмылдырылды.
Беген ауылдық округінің қарағайлы орманында орналасқан Шошқалы тұзды көлі Бесқарағай ауданының інжу-маржаны. Шипалы көл Бесқарағай ауданының солтүстік-батыс бөлігінде, аудан орталығынан 85 шақырым жерде орналасқан. Емдік қасиеттерімен танымал Шошқалы көлі бір-біріне жақын шағын су қоймаларынан тұрады. Олардың барлығы тұзды, бірақ құрамындағы тұз мөлшері әртүрлі, ал тоғандар емдік балшыққа бай.
Акцияға қатысушы «Мейірімді жүрек» еріктілер тобының мүшесі Маржан Әбілқасова емдік қасиеттері бар көлге жыл сайын мыңдаған адам демалуға келетінін атап өтті.
- Жыл сайын көлге іргелес аудандардан мыңнан астам адам демалуға келеді. Аудан жастары «Бесқарағайдың інжу-маржанын сақтайық» ұранымен көл жағасын тазалап жатыр. Науқан кезінде жағажай қоқыстардан тазартылып, арнайы қоқыс жәшіктері орнатылды. Демалушыларды табиғатты қорғауға және оның тазалығын сақтауға шақырамыз, - деп атап өтті Маржан Әбілқасова.