Шараның басты мақсаты – «Таза Қазақстан» акциясы аясында табиғат пен туған өлкенің тазалығын сақтауға жастардың қызығушылығын ояту. Акцияға туған жердің тазалығын сақтауға, абаттандыруға үлес қосқан 40-тан астам жас белсене қатысты. Шара нәтижесінде аумақ қоқыстан тазартылып, барлығы 37 қап қоқыс жиналды.
Аягөздің белсенді жастар өкілі Мәдина Дәулетбек «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдірді.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз «Питомник» аумағын қоқыстан тазартып жатырмыз. Бұл біздің аз болса да, қаламыздың дамуына қосқан үлесіміз деп білеміз. Барлық аудан тұрғындарын экоакцияға қатысуға шақырамыз. Мен туған жерімнің патриоты ретінде өскелең ұрпаққа үлгі болатын осындай ауқымды шараға қатысқаныма қуаныштымын, - дейді Мәдина Дәулетбек.
Ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.