USD491.7EUR531.28RUB5.07

ҚАЛАМГЕРЛЕР АТТАП БАСПАҒАН ТАҚЫРЫП «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның негізгі арқауы

25 шілде 2024, 10:41
ҚАЛАМГЕРЛЕР АТТАП БАСПАҒАН ТАҚЫРЫП «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның негізгі арқауы
ҚАЛАМГЕРЛЕР АТТАП БАСПАҒАН ТАҚЫРЫП «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның негізгі арқауы

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Семсер жүзіндегі серт» атты үштомдық туындының толғамы бөлек десек артқы кеткендігіміз емес. Ойымызды нақтылау үшін шығармадан алған әсерімізді ортаға салып көрелік.

ТМД кеңістігінде төрткүл дүние таныған классиктердің өзі қалам тартпаған, тартса да, тек жағымсыз жағынан көрсетіп, сөйтіп, әдеби даңқына дақ түсіріп алатын үш тарихи жабық тақырып бар. Олар – Наполеон, Мазепа және Кенесары. Осы соңғы аты аталған тұлға туралы алаш тарихи романның атасы І. Есенберлин жүрекжұтқандықпен жазды. Өйткені оның артында тым құрмағанда қоғамға көркемдік шындықты ұсынуға мүдделі Д. Қонаевтың өзі тұр еді. Сөйтсе де «Қаһар» романы ақиқаттың жүзін бүркемелеп, негізгі айтпағын амалдап жеткізуге күш салды. Енді, мына еліміз тәуелсіздік алған заманда хан Кене хақында тарихи роман жанрында бағын сынауға бел байлап, «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясымен Әділбек Ыбырайымұлы қалам тербеп отыр.

Қазақтың қатпарлы да, бар сыры бүгулі тарихының ішіндегі әлі күнге дейін жабулы қазан қалпында қалып келе жатқан дүние – XVII-XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз қатынасы. Осы олқылықтың орыны толып, сол кездегі аласапыран мен алауыздыққа арналған шығарма – «Семсер жүзіндегі серт».

Автор үшін ең бастысы «Хан Кененің өлімі» емес, керісінше төл әдебиетімізде әлі күнге ешкім ашып сөз етпеген үшінші жақтың арандатуымен жасалған «қырғыздардың құқайы» – романда басты орында тұр. Өзгені оқымаса да, тап осы тарихи тақырыптағы әр кітапты қалт жібермей, қолына түскен бетте бірі – кеміріп, бірі – кертіп оқитын оқырман аталған туындыдан керегін таба алады. Бұл, енді, тарихи романның прозаның өзге жанрларынан ерекшелігі. Әрі, аталған үштомдықтың мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыруы – әбден қисынды.

«Семсер жүзіндегі серттің» жазылу барысынан да хабардармын. Шығарманы әлі кітап болып шықпай тұрған қолжазба кезінде оқып едім. Бірінші кітап «Арланның азуы» атанса, екіншісі – «Серт», үшіншісі – «Рух» деген атпен оқырманға жол тартты.

Жалпы, әдебиетімізде Абылайдың көзі кеткеннен кейінгі орын алған орыс-қазақ жағдайы кеңінен сөз етілген дүние, бірақ қоқанға қатысты жайт көбіне жабулы қалпы қалып қоятын. Автор осы мәселені өздік позициясы тұрғысынан аша білген, сондай-ақ, қазақ-қоқан жағдаятындағы тың деректерді шығарма өзегіне арқау етеді. «Арланның азуында» қалың оқырманды негізгі Кене ханның дәуіріне әзірлеп әкелу үшін, тарихи панорамалық кескіндер жасалған.

Романның екінші кітабы «Сертте» шонжарлардан жапа шеккен халық сұлтан көтерген жасыл тудың астына жаппай ағылады. Бес қаруын асынып, азаттық іздеген жасақтарды Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай, қазақтың ардагер ұлдары Шәкір, Жәуке, Төлебай, Бұғыбай, Көбек, Бөрші, Базар, Танаш батыр, Сармантай, Нұрабай, Қарабай батырлар және Қарабас сияқты бекініс бұзып, қамал алған кіл ержүректер бастап, Кененің қол астына жиналғанына куә боламыз.

Әуелі бірінші кітапта Абылай және екінші кітапта Кене дәуіріндегі қырғыз манаптары тарапынан қазаққа жасалған зорлықтар реалистікпен суреттеледі. Екі ханымыздың да қазақ жерін қырғыз бен қоқаннан азат етуі – тарихи фактіден ауытқымай, шынайылықпен бейнеленеді. Екінші, үшінші романдарда отаршыл патшалық империяның басқыншылық әрекетіне, бодандық пиғылына қарсы ұйымдасқан халықтың қаһарлы кеспірі кескінделеді. «Рух» романындағы Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтан ел мұратын түгендеуші ғана емес, Азаттықты аңсаған Абылайдың, Тәуелсіздікті көксеген Кенесарының қайсар рухын отар сананың қыспағында қалып қойған ұрпаққа әкелуші. Сол рухтан нәр алған Алаш, Желтоқсан қаһармандары Қазақ халқына Тәуелсіздікті алып берді.

Негізінде, тарихи роман жазуға екінің бірінің дәті бара бермейді. Өйткені, қаламгер архив деректерімен істес болып, бірде – зерттеушіге, енді бірде – философқа, енді бірде – ғұмырнамашыға айналады. Сонымен қатар, көз майын таусып жазған әм жинаған деректерін көркем әдеби қорыту ойын он саққа бөліп, қаламгерлік қиялын шартарапқа қалықтатады.

Тарихи тақырыпқа жаздың екен – оқырманыңды тәнті ет. Білмегенін білгіз. Қаламгер үшін басты әдеби шығармашылық ұран осындай болуы керек. Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» тарихи роман-трилогиясы белгілі бір тарихи тұлға мен сол уақыт кеңістігіндегі оқиғаға көркем синтез жасауымен және оны тұтас дүниеге айналдыруымен құнды. Кенесары ханның қырғыз жорығына қатысты қолда бар тарихи фактілер мен ел аузындағы деректерді қайыра жаңғыртып, өзінің жаңаша көзқарасын алдымызға жайып салады. Автор қазақ пен қырғыз арасының қалай ашылғаны жайлы ақиқатты іздеген ғалымға да, өз ұлтының жоғын жоқтаған милетшіл сөз зергеріне де айнала білген. Өйткені, бұл жай ғана тарихи роман емес, тұрпаты мен болмыс-бітімі бөлек көркем сөзбен өрілген эпопеялық роман.

Онда бұрын сөз етілмеген деректер алға тартылады. Туындыда Хан Кенеге дейінгі, кезіндегі және кейінгі әдеби-танымдық 300 жылдық тарих – көркем әм стильдік ерекшелікпен өріледі. Ең бастысы қырғыз ұлтының емес, елін сатқан манаптардың кесірінен қырғыз халқы әуелі қоқанға, кейін орысқа бодан болғаны оқырманын сендіре, ашылып жазылады. Қазақпен конфедерациялық бір мемлекет құруға дәттері мен ой-өрістері жетпеген манаптардың іс-әрекеті айқын көрініс табады.

Манаптардың бірінші шалыс басуы – Кененің арғымағы мен жылқысын ұрлауы; екінші қателігі – елшілікке барған мүйізді Өтеген батырдың немересі Орманды өлтіруі; үшінші қиянаты – хан Кененің жақтасы Саурықтың жылқышылар қосынына шабуыл жасап, жігіттерін түгел қырып кетуі; төртінші айыбы – «Бір ел боламыз!» деп бәтуәласқан конфедерациялық одақты бұзып, қоқан және орыспен жең ұшынан жалғасуы.

Осы төрт себепті алға тартқан автор «Сонда, орыстар әлі биілік жүргізбеген жерге жеке хандық құрам деген Хан иеміздің жолына осынша бөгесін жасаған манаптар – ел ме, жау ма?!» деген сауалдың басын ашық қалдырады.

Біз Кенеге қатысты опасыздықты жалғыз қырғыз билеуші тобы жасады десек, ақиқаттың ақ жолын аттағанымыз болар еді. Автор бұл турасында: «...Кенесары ханның Арқадан Балқаш көлінің оңтүстік өңіріне табан тіреуі орыс империясының алаңдаушылығын тудырды. Өйткені, бұл аймақ сұлтандарының дені әлі Ресейге өз еркімен қосылуы туралы сенім қағаздарын тапсырмаған, бейтарап жатқан ел еді. Ақ патшалық ықпалдан шалғай өлкеге асау ханның келуі, басқыншы жұрттың көңілдерін астаң-кестең етті. Қарап қалмай қаракетке көшіп, қазақ жұртының ымыраға көнген солтүстік, орталық аймағынан сенімді адамдарды іріктеп аттандырды». Міне, Әділбек қаламынан шыққан романдағы осындай сипаттамалар адамды тарихи оқиғаларға ойша араластырып, уақыт керуенінің кемесіне мінгізіп, тарих көшінің теңізінде жүздіреді. Яғни, қазақ жұртының тізгінін ұстаған төрелер мен билер де жүнді білектің көсеуіне айналады.

Ақ патшаға бетін бұрған екі жүзділерді жаныштаймын деп, халыққа да зауал әкелетінін іштей білетін Хан Кене жазалау шараларын сөзінен тайып, теріс айналған қазақ елінің ішіндегі төрелердің ауылдарына да жасады. Хан қаһары тізені қалтыратты. Дәл осы қарашы жұрттың көзіне үйірілген үрей мен көкейіне жиналған кек Орманбет мен Жантайға қырғыз халқын Кенесарыға қарсы көтеруге көмектесті. Бірде қазаққа, бірде қоқанға, енді бірде орысқа жонын тосқан манаптар – бұраттардың өздері үшін – ержүрек батыр қолбасшы бейнесінде көрінді. Сөйтіп, қазақ қолы манаптардың аламандарымен емес, халықтың қарсылығына тап болып, жанкештілікпен күресулеріне тура келді.

Манаптардың жандарында орыс пен қоқанның әскери шенділері кеңес пен бағыт беріп, шайқасты жүргізу амалдарын қайта-қайта ұғындырды. Ақсу-Қопалының Қызылағашында отырған есауыл Нюхалов жалғыз сарбағыштың биі Орманбетке ғана хат жазып қойған жоқ, бұғы руының билері Борамбай мен Әжібайға, солты руының биі Жаңғарашқа да мөр басылған үшбуын жөнелтті. Ақ патшаның өкілінен арнайы қағаз келгенге манаптардың айыр қалпағы алшысынан түсіп, жұртын Хан Кенеге қарсы қоя білгені шынайы көркем тілмен кестеленеді. Соғыстың себебі де ашылып көрсетіледі.

Жолбарыс ханымыз да, Абылай да, Кене ханымыз да тікелей және жанама себеппен біреуіне ту сыртынан қанжар сілтеніп, біреуіне у беріліп, біреуінің басы кесіліп, қаза тапты. Үш бірдей қағанымызды қанға бөктіріп, ажалға қиған ағайынды кім дейсің? Осы сауал романды оқу барысында әр оқырманды әрқилы толғандырады, әрқилы ойға қалдырады... Қалам ұстаған қауым бұл тақырыпқа аттап баспай келіп еді. Ал, Әділбек Ыбырайымұлы сол қадамға барып отыр. Неге? Бүгінгі қоғам кезіндегі сыртқы күштердің екі халықты қандай кесапаттарға ұшыратқанын білсін және тарихтан сабақ алсын деген мақсат. Осы тұрғыдан қарағанда автор өзі діттеген нысанға адал қызмет еткен және қаламын шындықтан еш алшақтатпаған. Барды – бар, жоқты – жоқ деп жазған.

Алаш баласының қырғызға кеткен кегіне қатысты қаламгерлік ой-толғамға толы үкім, прологта авторлық монолог түрінде ұсынылады:

 «Бүгінде, өмірден озғанына екі ғасырға таяу уақыт өткенде Кенесары хан мен оның жақын үзеңгілестеріне кесілген өлім жазасын екшеу әрі қиын, әрі оңай. Қиын болатыны – екі жақтың бірін ақтап, бірін қаралауға ұрынатынымыз. Бірақ, бұл уақиғаға қатысты үнсіз қалудың, шымбайға батар ақиқаттан ат-тонды алып қашудың ақыры – асқынған обырға айналуы ықтимал. Ақиқатын білмегендіктен араға жік түсіп, алауыздық жағдайларға апарып жатса, онда бүгінгі ұрпақтың да шындықтан сырт айналғаны. Әркезде пасық өтіріктен ащы шындық қымбат екені әркімге аян болса керек...» деп, мұңға бөленуі туындының түпкі түйіні іспетті.

Осылайша алауыздықты өршіткен қырғыз ұлты емес, оның қолтығына су бүріккенге дандайсыған, байлық пен барлықтан басы айналған аз ғана шоғыр билеуші тобы. Осыны автор оқырманының есіне үнемі салып отырады.

Иә, Әділбек бұған дейін ежелгі қазақ хандығы – «Ақ Орданың» Орда Ежен қағанның ықпалымен қалыптасуынан 15-ғасырдағы Керей-Жәнібек шаңырағын қайта көтерген қазақ хандығының құрылуына дейінгі аралықты қамтыған, «Абыз дала аңызы» атты хикаятпен тарихи тақырыпқа қалам тартқанын білеміз. Ол – тек ұлттық дәргейде ғана емес, әлемдік деңгейде жазатын прозагерлер шоғырынан екендігінің белгісі. Және де автордың идиостилі ерек. Біріншісі – тіл шұрайы, екіншісі – жазғандарының киноға сұранып тұруы, үшіншісі – үзіктілік, төртіншісі – сюжеттік өрілім мен персонажды орынды кіріктіруі. Ең бастысы, романдарының қай бөлігін алып тастасаң да оған селкеулік келмеуі. Автор тарапынан шығарма тініне эпизодтардың орынды енгізілімі, ұлттық шеңбердегі прозагерлеріміздің бірді бастап, екіншіні тастап, үшіншіні киліктіретін стильдік одағайлығынан ада.

Хан кененің өлер алдындағы әні де туындыға ерек өң бергенін ашып айтуға тиіспіз. Үнемі авторлық сауал қойып, оған авторлық жауапты өзі бермей оқырманына қалдырып отыруы да, сөз киесін ұғына білуінен дер едік. Әрі, жазушы ешкімнен жасқанбай бұрын бүгжектейтін тарихи шындықты, көркемдік танымға айналдырған.

Роман-трилогияны оқып отырып ханымыздың басын жалмаған қырғыз ұлты үшін емес, астыртын әрекетке көшкен үшінші жақтың жымысқы тірлігіне, олардың алып кел, шауып келіне айналған көрсоқыр манаптар мен импершіл күштің ығына жығылып, шылауында жүрген төрелер үшін ызаға булығасың?!.

Ә. Ыбырайымұлы шығармасы бұған дейінгі Кенесары жөнінде жазылған туындылардан оқшау, уақыт кеңістігі мен тарихи оқиғалар тәуелсіздік ой-мұраты тұрғысынан сипатталады, тақырыпты өзіндік қаламгерлік стратегиясымен игерген. Романда төл тарихымыздың желісінен үзіліп түсіп қалған дәлел мен деректер қатары жетерлік. Соның бірі – Тәнеке батырдың Ақсу-Қопалыдан аттанып, Кене-ханның кегін қайтаруы. Сөйтіп, бұрын қазақ әдебиетінде бірде-бір жазушының қаламына ілікпеген тарихи оқиғаға кез боламыз.

Қаптағайдан шыққан қазақтың батыры Тәнеке: «Қайрай-қайрай қайрақты таты шықты, Он бесінде Тәнеке аты шықты» деп халық айтқанындай, ерлік істерімен ерте көзге түскен саңлақ. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының өлімі – оны еріксіз атқа қондырады. Айналасынан тайынып, ел тізгінін ұстағандардың бірде-бірі бас көтермегенде – қазақтың мемлекетшіл әрі дербес ойдағы ұлт болып қалыптасқанын танытқан тұлға. Ол – Кенесарыны ең алғаш болып қолға түсірген Төрегелді манапты байлап-матап әкеп, түрмеге салды. Ұлысын шұбыртып, Қопалыға айдап әкелді. Ақырында сол қырғыздар қаптағайға қыдыралы-қырғыз болып сіңіп кетті. Бұл да бұған дейін ешбір көркем әдебиетте көрініс таппаған тарихи оқиға еді.

Сөйтіп, ол қазақта Кене кегін қырғыздан алушы екендігі бірінші болып сөз етіледі.

Романда қазақ-қырғыз арасындағы жаугершілікке қатысты көптеген жаңа деректер әрі ғылыми, әрі көркемдік таным аясында барынша кеңінен ашылған. Алайда ұлт пен ұлыс өкілдерінің кісілік кемшілігі сөз етілгенімен халықтық болмысқа, қасиетке нұқсан келтірілмейді.

Жоғарыда тілге тиек еткен дәйекке сай «Семсер жүзіндегі сертті» қазақ әдебиетіндегі бірінші синтетикалық тарихи роман десек артық кеткендік емес. Романда қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-орыс арасындағы жаугершілікке қатысты көптеген жаңа деректер әрі ғылыми, әрі көркемдік таным аясында барынша кеңінен ашылған. Негізгі патшалық империяның басқыншылық саясатының құрбанына айналған жұрттың тағдыр-тәлейі мен басынан кешкендерін тарихи мысалдармен мазмұндап, оқырманды объективті ой түюге жетелейді. Кешегі тарих бүгінгі күннің атасы десек, абыз күндердің күңгірт тұстарын тануға жол сілтейді. Сондықтан, «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін арттыратын шығарма. Оның жолын байлап, қиянат қылышын сермеуге ешкімнің дәті бармауы тиіс.

Тарихи роман жазудың бақыты бұйырған жазушы халықаралық аудиторияға тікілей танылады. Өйткені, тарихи роман санаулы интеллектуалды әлеуметтік ортаға ғана емес, белгілі бір ұлттың маңдай алды милеттік мақтанышын бүкіл әлем оқырманына паш етеді.

Тәуелсіздік рухымен жазылған Әділбек Ыбырайымұлы романының қазақты ғана емес, болашақта әлем оқырманын да өз сиқырымен баурайтынына сеніміміз мол!

 

Әбіл-Серік Әліакбар,

әдебиеттанушы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar