USD514.65EUR544.6RUB5.17

Семейде шебер мүсінші азамат тұрады...

24 шілде 2024, 17:30
Семейде шебер мүсінші азамат тұрады...
Семейде шебер мүсінші азамат тұрады...

«Жігіт көркі – өнер»

Халық мәтелі.

  Төмендегі сөзіміз қолөнерлі азамат Нұрбол Қалиев жайында болмақ. Ол – кәсіби  мүсінші. Семей тұрғыны. Осы уақытқа дейін 30-ға жуық ескерткіш пен монументтің авторы атанды. Оның қолынан шыққан туындылар - Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстары мен Астана қаласында бой көтерді. Тапсырыс жылдан жылға арта түсуде. Сөйтіп, мүсінші шеберлігі мойындалған тұлғаның біріне айналды. Сондықтан «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, дарын иесі, қол өнер майталманын газетіміз оқырмандарына жақын таныстырғанды жөн санадық. Жастарымыз үлгі-өнеге алса екен деген ниетпен. Алдын-ала хабарласқанда Нұрбол «шеберханам қаланың сырты – Бобровка, Мұрат ауылдары аумағында» деген. «ТВК-6» телекомпаниясының түсіруші тобы, біздер, жолға шығып, солай қарай бағыт ұстадық.

Шеберханада

     Нұрбол Қали бізді зәулім ғимараттың алдында тосып алды. Шеберхана орналасқан аумақ табиғат аясы, өте тыныш жер екен. Биік ғимараттың кеңестік дәуірдің құрылысы екенін бірден-ақ тани кетесің, сөйтсек, бұрын КСЖБ дейтін комбинаттың цехы болған екен. Жүк машинесі еркін кіріп шығатындай қақпасы да үлкен-ақ. Ғимарат жарқырап тұр деуге келіңкіремейді, іші-сырты сол баяғы цех болған қалпында екен. Өңдеп, жаңартып жатуға мұрсат болмаған сияқты. Бірақ ішінде қарбалас жұмыс, бес-алты адам әртүрлі шаруамен айналысып жатыр. Нұрбол жұмыс орындарын көрсетіп, мүсін жасау технологиясымен таныстырып өтті.

     Бір қызығы, өндірістің «наны» саз балшық көрінеді. Алдымен мүсін бейнесі сол саздан жасалып, кептіріліп, онан соң қоладан құйылады екен. Балшықты сонау Санкт-Петербургтан алдырамыз, оны қатырып алмай сақтаудың да машақаты көп-ақ деді Нұрбол. Сан алуан кішкене макеттерден көз сүрінеді. Бұлардың бәрі де іске асқан, қазір әртүрлі қалаларда орнатылған мүсіндер деді. Олардың арасында тарихи тұлғалар, оның ішінде қуғын-сүргінді көп көрген Алаш қайраткерлер баршылық.

      Мүсіншінің өзі де Саржал ауылында, ұлылар туған киелі топырақта өсіп-өнген. Содан да болар, соңғы бес-алты жыл көлемінде ұлы ақын Абайдың айналасы мен алаш тақырыбына көбірек бой ұрғанын білеміз. Атап айтқанда, Құнанбай, Абай, Ақылбай мен Тұрағұл, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ескерткіштерін халық жылы қабылдап, қалың жұрт көңілінен шықты. Мүсіншінің жасаған үш бірдей туындысының ашылу салтанатына Президенттің өзі қатысқаны да көп жайды аңғартады. Қайраткер тұлғалардан бөлек, қазақ билері мен батырлары ескерткішін жасауға да тапсырыс көп түседі екен. Мысалға Өскемен қаласы орталығына орнатылған үш бидің композициясын, Абай ауданының орталығы –  Қарауыл селосындағы Тоқтамыс батыр, Зайсан қаласында қойылған Баймұрат батыр ескерткішін атасақ та жеткілікті.

     Бәрі де шешімін тамаша тапқан, көркем-эстетикалық композициялар десек артық айтқандық бола қоймас. Қай қайсысынан да Нұрболдың өзіндік стилі көрініп тұрады.  Кейіпкер кісінің,  тіпті жылқының да образын, керек десеңіз, мінезін дәлме-дәл аша білуің керек. Бұдан бөлек, ұлттық бояуы қанық, өрнегі, нақышы тартымды болуы керек. Мүсінші шеберлігі міне осындай критерийлер арқылы бағаланбақ.  Тап осы күндері мүсінші сәбиін қолына алған жас ананың бейнесін сомдап жатыр екен. Оның адам жанын баурап алатын көрікті ескерткіштің бірі болары анық. Ол қаламыздың Мәңгілік ел, жұрт Арбат дейтін көшесіне қойылмақшы екен.  

      Мүсіншінің өнердегі жолы мынадай: суретке бейімділігін байқаған ата-анасы Нұрболды бесінші сыныпта республикалық Байқауға қатыстырыпты, соның нәтижесінде Алматыдағы дарынды суретші балалар мектебіне қабылданған. Мектептен соң, Суретшілер училищесін тәмамдап, алыс-жақын шетелдерде (Париж, Мәскеу, Сан-Петербор қалаларында) практикадан өтіп, мол тәжірибе жинақтаған екен. Алматы шаһарынан Семей қаласына қоныс аударғанына жеті жылдай болыпты. Туған жерімде еңбек етіп, оның көркеюіне өз үлесімді қосқым келді дейді өнер иесі. Мүсінші шет елдік әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Түркияның Болу қаласындағы Көрұғлы монументі мен Ресейдің Омбы шаһарындағы Амангелді Шәкенов ескерткішінде  Нұрбол шебердің де қолтаңбасы бар.

       Айтпақшы, Нұрекеңнің жылқы бейнесін сомдауы сұрапыл, жануардың буырқанған қуаты, бұлшық еті, тамырына шейін көрініп, адамға қатты әсер етеді. Бұл жайында мүсінші: «Менің әкем жылқышы болған кісі, өзім де бала кезден атқа үйірсек болып өстім. Жалпы жылқыға деген сүйіспеншілік кез келген қазақтың қанында бар нәрсе» – деді.

Мүсіншінің мұраты

Нұрбол Қалимен біраз уақыт сұқбат құрып, өнер төңірегінде сыр шертістік. Пікір алыстық. Тәуелсіздік дәуірінде көптеген ескерткіштер сомдалғаны белгілі. Бірақ көбінің сапасы төмен, жансыз бейнелер екені жасырын емес. Тек ақша табу үшін ғана жасалған шикі дүниелер солай болмағанда қайтеді.

 «Ескерткішке жансыз зат ретінде қарауға болмайды, – деді Нұрбол. –  Ескерткіш – идеология, тәрбие құралы. Ол ұлттың болашағы, келесі ұрпақты тәрбиелейтін ескерткіш. Музыка, сурет сияқты мүсін де адамды сұлулыққа құмар қылады, ішкі сезімін байытады. Бір ғана ескерткішпен көп нәрсені айтуға, көп дүниені жеткізуге болады. Шығармашылық ескерткіш болса. Сол сияқты бір ескерткішпен көңілге кірбің түсіруге де болады. Шынайы, дұрыс шықпаса».

Мүсіншінің білуінше, Мәскеудегі Пушкин, Питердегі Петр Бірінші бейнелері нағыз жанды ескерткіштер. Неге десеңіз, оларда кейіпкердің сырты мен жан дүниесі, Абай  атамыз айтқандай, «сыры мен сымбаты» керемет үйлесім тапқан.  Алматыдағы Абай, Мұқағали, Астанадағы Кенесары хан бейнелері жайлы да осыны айтамын дей келе, Нұрбол мырза ой-пікірлерін: «Менің алдыма қойған мақсат-мұратым – қазақтың мүсін өнеріне жаңа леп әкеліп, оны деңгейін  биіктете түсу. Мәселен, ұлы Абайдың бала кезінен хакім кезіне дейінгі өмірін мүсін арқылы бейнелеп шықсам деген арманым бар. Таяуда Шәкәрім атамыздың ескерткішін жасауға тапсырыс алдым. Құдай қаласа, ол өз атындағы даңғылда  бой көтеретін болады» деп  түйіндеді.

«Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол». Хакім Абайдың бұл сөзі кейіпкеріміз Нұрболға арналғандай емес пе, онан асырып не айтамыз?  Тыныш жерде құрған әңгіме-дүкеніміз осымен тәмам. Қолөнер шеберіне алтын уақытын бөлгеніне рахметімізді айтып, жұмысына табыс тілеп, шулы қалаға қарай бағыт алдық.

Асан Омаров

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar