Аталмыш чемпионатқа Абай, Өскемен, Аягөз, Павлодар және Үшарал гарнизондарының әскери қызметшілері қатысты. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кубогы үшін өткен тартысты сайысқа 50-ге жуық спортшы қатысып бағын сынады. Сайыс жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін Қарулы күштерінің чемпионатында бақ сынап, өңірдің намысын қорғамақ.
Екі күнге созылған жарыста әскери қызметшілер пневматикалық мылтықтан оқ атудан, шаңғы жарысынан және күштік жаттығулар жасаудан бақтарын сынады. Ерлер белтемірге тартылып, әйелдер пресс жасады. Жарыс жас санаттарына қарай өткізілді.
Президенттік көпсайыс қорытындысы бойынша, жалпы командалық есепте 28738 әскери бөлімінің командасы үздік деп танылса, екінші орын 36803 әскери бөлімінің өкілдеріне, ал үшінші орын 44793 әскери бөлімінің спортшыларына бұйырды.
Спортшыларды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов құттықтап, осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Спортшыларға алдағы жарыстарға жарқын жеңістер тіледі.
Командалық және жеке есепте чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі