Жиынды ашқан Абай өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының Әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Арнұр Сейсеновтің айтуынша, аталған шара 2022-2024 жылдарға арналған ведомствоаралық бағдарламасын іске асыру және құқықбұзушылықтың алдын алу жоспары негізінде өткізіліп отыр. Оның пайымдауынша, әскери қызметшілерге салауатты өмір салтын насихаттау, маскүнемдікті, есірткі және улы заттарды пайдаланудың салдарын ескерту өте маңызды.
- Аталған іс-шара мақсаты әскери қызметшілердің қоғамдық орындарда ішімдік ішу, ішімдік ішіп көлік жүргізу, ұсақ бұзақылық жасау, жаяу жүргіншілер мен автокөлігі бар тұлғалардың жол жүру ережесін бұзу фактілерін алдын алу болып табылады, - дейді Әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Арнұр Сейсенов.
Келесіде полиция қызметкерлері өздерінің бағыттары бойынша ақпараттарын жеткізіп, ішімдік пен нашақорлықтың зияны жөнінде және «Европротокол» арнайы мобильдік қосымшасын түсіндіріп берді. Семей қаласы ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ержан Ақбаев ағымдағы жылдан бастап, ұсақ жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер сақтандыру жағдайын полиция мен соттың қатысуынсыз оңайлатылған тәртіппен рәсімдей алатынын, ол үшін арнайы «Европротокол» мобильдік қосымшасы әзірленгенін баяндады.
Ал аталған полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Асхат Оразғалиев, енді ұсақ жол көлік оқиғаларының себепшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды дейді. Оның айтуынша, жүргізушілер тәртіп сақшыларын шақырмай-ақ, заң бұзушылықты тіркей алады. Қатысушылар өзара келісіп қосымша арқылы онлайн хаттама толтырады. Бұл өзгеріс тәртіп сақшылары мен жүргізушілердің жұмысын жеңілдету мақсатында қабылданып отыр.
Семей қаласының наркология орталығының нарколог дәрігері Елена Риндия әлемді жайлаған нашақорлық дертінің артып бара жатқанын, өкініштісі, әсіресе жастар арасында есірткі және психотроптық заттарды пайдалану көбейгенін атап өтті. Ол ішімдік ішіп, зиянды заттарды пайдаланып көлік басқару тіптен қылмыс болып саналатытын жеткізді.
- Нашақорлық қоғам дерті. Онымен күресуде жалғыз адамның күші келмейді. Бұл жерде заң өкілдері, нарколог мамандар, ата-аналар, тіпті еліміздің әрбір азаматы күрсеуі керек. Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу біздің қолымызда, - деді.
Жиынды әскери автомобильдік полиция бөлімінің бастығы полковник Сергей Капчук қорытындылады. Кездесу соңында әскери қызметшілер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, заң аясында тиісті жауаптарын алды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі