Гарнизондық Офицерлер үйінде өткен шарада жас әскери мамандар ойын, ән, би арқылы күзгі мерекелік көңіл-күйлерін көтеріп, таныстырылым мен сән байқауында ерекше өнер көрсетті. Ал сәнді киінген қыз-жігіттер, күздің кереметін аша білді. Нақтылап айтатын болсақ, іс-шара өзін-өзі таныстыру, өнер сайысы, жұптар арасындағы ойын, сұрақ-жауап, өзіндік шығармашылық дайындық және үй тапсырмасы сынды алты кезеңнен тұрды.
Әскери бөлімінің командирі подполковник Қанат Танибергеновтің сөзінше, дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын балдың жыл санап ауқымы да кеңейіп келеді дейді.
- Алтын күз мерекесі жыл сайын ұйымдастырылып отыр. Іс шараның басты мақсаты әскери бөлімнің жеке құрамы мен олардың отбасыларына көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Отбасылық қарым-қатынасты арттыру. Байқауда әскери қызметшілер өз өнерлерімен қатар білімдерін де көрсете білді. Мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәстүрлі шараны алдағы уақытта да жоғары деңгейде өткізіп, жаңа форматта өткізетін боламыз, - дейді, бөлім командирі.
Барлық тамашаланған концерттік нөмірлер күз тақырыбына арналып, жоғары деңгейде ұсынылды. Әділқазылар қатысушылардың өнері мен әр кезең бойынша жинаған ұпай санымен жеңімпаздарды анықтады. Осылайша тартысты да көңілді өткен байқаудың қорытындысы бойынша әділ-қазылардың шешімімен, күз ханшайымы мен ханзадасы Талант Мазаков пен Асем Алимбекова атанды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі