
Айта кетейік, облыс және қала басшылығы саяжайлар тұрғындары көтерген түйткілді мәселелерді шешу үшін мамыр айының басында арнайы Жол картасын әзірлеген болатын.
Қазір саяжайлар тұрғындарының өтінішімен кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін Бобровка тұрғын алабында жол белгілері мен 4 «Сергек» камерасы орнатылып, 60-тан астам рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары жойылды (4370 м3 қоқыс шығарылды). Сондай-ақ 11 аялдама орнатылып, тағы үшейін алдағы 15 күннің ішінде құру жоспарланып отыр.
Ойын алаңдарын салуға дайындық жүріп жатыр. Оқу жылы басталмай тұрып бюджет есебінен Бобровкада спорт корты, ал Мұрат саяжайында балаларға арналған ойын және жеңіл атлетика алаңы салынады. Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жер телімін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тамыз айының басында жауапты мамандар құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Абай облысы әкімінің орынбасары Д.Гариков Жаңақұрылыс ауданындағы №5 үйдің МИБ төрағасымен кездесіп, ауланы абаттандыру мәселесін талқылады. Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, жақын арада демеушілердің көмегімен балалар алаңының аумағы абаттандырылады.