USD502.47EUR525.83RUB5.68

Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының басшылығы Абай облысына келдi.

08 маусым 2023, 16:12
Академик Н.Д.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының басшылығы (ҰҒТОО) Абай облысының медициналық ұйымдарын аралады. Мақсат – халыққа травматологиялық көмек көрсететін барлық медициналық ұйымға тәжірибелік және ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдау көрсету үшін Абай облысының аумағындағы травматологиялық қызметтің жай-күйімен егжей-тегжейлі танысу.
Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының басшылығы Абай облысына келдi.

Делегация құрамында ҰҒТОО директоры Олжас Бекарысов және ҰҒТОО Стратегия және өңірлік даму орталығының басшысы Ержан Ысқақов бар. 
 
Бүгін ақ халаттылар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевпен кездесті.

Мамандар сапар барысында Семей қаласының ЖШККА, Қалбатау ауданындағы ОАА, Жаңғызтөбе кентіндегі ОАА және Аягөз қаласындағы ОАА-ға ат басын бұрды. Сапар соңында өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен кездесті. 
 
Әрі «Семей» медициналық университетіне бару, университет басшылығымен және травматология және ортопедия кафедрасының оқытушыларымен кездесу жоспарға енген.
 
▫️Абай облысының басшылығымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен талқыланатын негізгі мәселелер:

- өңірдің мамандармен (травматологтармен, ортопедтермен) қамтамасыз етілуі;
- травматологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
- зардап шегушілері көп ТЖ туындаған кезде мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
-жол-көлік оқиғаларын азайту және олардың алдын алу мәселесі;
- жарақаттан болатын өлім-жітімді төмендету мәселелері;
- мамандарды (травматологтар мен ортопедтерді) даярлау және қайта даярлау мәселелері;
- травматология және ортопедия саласындағы қызығушылық танытқан тақырыптар бойынша ҰҒТОО мен жақын және алыс шетелден келген мамандармен шеберлік сағаттар, семинарлар мен дәрістер ұйымдастыру және өткізу.
 
▫️Кездесу барысында өңірде травматология саласында жоғары кәсіби мамандардың жеткілікті, бірақ медициналық көмектің кейбір бағыты бойынша, әсіресе кей аудандарда маман тапшы екені аталды. ҰҒТОО өкілдері жергілікті жерлерде мамандарды тарту үшін жергілікті әкімдіктің көмегі қажет (бұл мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге, көтерме төлемге қатысты) екеніне назар аударды.
 
ҰҒТОО басшылығы облыста ірі өңірлік травматология орталығын (Қазақстан бойынша осындай 4 орталық бар), сонымен бірге ауылдық жерлердің тұрғындарына жедел білікті көмек көрсету үшін мамандандырылған ауданаралық травматология бөлімшесін құруды ұсынды. Өңірдің денсаулық сақтау саласының жоғары ғылыми әрі кәсіби әлеуетін ескерсек, Абай облысында ірі медициналық хаб қалыптастыруға барлық мүмкіндік бар.

Бұған қоса, облыс аумағы арқылы өтетін республикалық және облыстық автожол бойында ЖКО болған жағдайда шұғыл көмек көрсету үшін мамандандырылған пункттер желісін ашу идеясы ұсынылды.
 
Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевпен кездесу барысында ұсынылған идеялар аясында қосымша пысықтауды талап ететін бағыттар анықталды. Жергілікті биліктің денсаулық сақтау саласын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасына басымдық беретіні аталды. 
 
Сапар қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдау үшін ақпараттық анықтама дайындалады.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar