
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ұйымның әлемдегі бейбітшілікті сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті.
- Біздің облыс және оның әкімшілік орталығы – Семей қаласы Қазақстанның мәдени, рухани және тарихи орталығы саналды. Мұндай кездесулер жаһандану кезеңінде достық және дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту үшін өте маңызды. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы елдердің бірі.
Ал «Bike for рeaсe» қозғалысы - бейбітшілік пен қарусыздану саласындағы белсенді күресуші. Біз Сіздердің бейбітшілік саясаттарыңызды жақтаймыз, елімізді халықаралық аренада қолдап отырғандарыңыз үшін алғыс айтамыз, – деді аймақ басшысы.
Бұл ретте Нұрлан Ұранхаев өлкеміздің руханияты мен мен мәдениетіне де тоқталды.
– «Ромео мен Джульетта» хикаясын бүкіл әлем біледі, бірақ біздің жерімізде де мұндай оқиғалар болғанын көбі біле бермейді – бұл Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың, сондай-ақ Еңлік пен Кебектің әңгімесі. Мұнда жерленген адамдар шын өмірде болған тарихи тұлғалар. Бұл туристер жиі келетін орындардың бірі,- деді Нұрлан Ұранхаев.
«Bike for peace» қозғалысының мүшесі Тюре Нерланд әрқашан бейбітшілік пен жалпы қарусыздану идеяларын жақтайтынын, Қазақстан көптен бері велошерулер үшін қызығушылық тудырып отырған басты елдердің бірі екенін атап өтті.
- Біз Қазақстанға бірнеше рет келіп, нағыз қазақы қонақжайлылықтың куәсі болдық. Бейбітшілік идеялары бүкіл әлемде кеңінен насихатталуы керек және 2045 жылға қарай жалпы ядролық қарусыздануға қол жеткізе аламыз деп үміттенеміз,- деді Тюре Нерланд.