
Олардың қатарында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы, ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ, Құнанбай баба әулеті жерленген Ақшоқы қорымы, Қоңыр әулие үңгірі және өзге де нысандар бар.
Бүгінде ауданда халыққа және туристерге қызмет көрсету бағытында 5 қонақ үй, 14 кафе, жол бойында тамақтанатын 5 орын жұмыс істеуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы ауданға туристік сапармен 24 225 адам, 2022 жылы 34 553 адам келген. 2022 жылы туристердің саны 2021 жылмен салыстырғанда 142 пайызға артқан немесе 10 328 адамға көп. Жылдан-жылға ауданға келуші туристердің саны көбейіп келеді. Ішкі туризмнің басым бөлігін жоғары және арнайы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары құрайды. Туристердің басым көпшілігі көктем, жаз және күз айларында келеді. Ауданға келетін туристерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында 2022 жылы ауданда біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен туристердің қызығушылығын арттырып, этнотуризмді дамыту мақсатында Сырт Қасқабұлақта қазақ үй тігіліп, халыққа ұлттық тамақтар ұсынылды. Жидебайға бұрылыста да жеке кәсіпкер қазақ үй тігіп, келушілерге ұлттық тағамдар мен естелік сыйлықтар ұсынды.
Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Еңлік-Кебек» ескерткішіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңғыртылды. Зиярат кешенінің ауласы абаттандырылып, қос ғашыққа арналған ескерткіш қоладан қайта жасалды. Жүрек формасындағы арт кескіндеме орнатылды. Сондай-ақ М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапхана, Қарауыл және Қасқабұлақ ауылдарындағы М.Әуезов ескерткіштері ағымдағы жөндеуден өтті.