
ҚР Ұлттық статистика бюросының Абай облысы бойынша департаменті басшысы Берік Терлікбаевтың айтуынша, тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу өндірісінің көлемі 11,6%-ға, өңдеу өнеркәсібі 6 %-ға өскен.
- 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 473,9 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда мал шаруашылығы өнімдерінің 4,1%-ға артқанын білдіреді. Республикалық көлемде ауыл шаруашылық өнімінің 5,1 пайызын Абай облысы өндірді,- деді Берік Терлікбаев.
Бөлшек тауар айналымында да оң өзгерістер байқалды. Мәселен 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда бөлшек тауар айналымы 438,8 млрд теңгені құраса, 2021 жылы қолданыстағы бағалардан 19,3%-ға, салыстырмалы бағада 3,4%-ға өскенін білдіреді.
- 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда көліктік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің жүк айналымының көлемі 20 694,9 млн (20 млрд 694,9 млн) тонна-километрді құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен едәуір артық. Жолаушы айналымы 3 344,8 млн жолаушы- километрді құрады, бұл 2021жылдың қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 4,6%-ға артқан, - деді Берік Терлікбаев.
Инвестициялар құрылымында қаржыландыру көздері бойынша кәсіпорындардың меншікті қаражаты – 68,8%, республикалық бюджет қаражаты – 0,8%, жергілікті бюджет қаражаты – 20,8%, банк несиелері – 2,6%, басқа да қарыз қаражаттары 7% болды. Инвестициялардың республикалық көлеміндегі облыстың үлесі 2,8 пайызды құрады.