
Жоба авторы Айжани Нұрланова қаладағы «Сәукеле» сән үйінде «Тігін ісі» бейіндік бағыты бойынша оқудан өтетін жобаның екінші кезеңінің қатысушыларымен кездесіп, сұхбаттасты.
Сонымен қатар, Семей қаласындағы жұмыспен қамту орталығында «Бьюти индустрия» бейіндік бағыты бойынша оқу курсын тамамдаған қатысушылармен де кездесу ұйымдастырылып, сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, жобаның екінші кезеңі бойынша бүгінде 41 қатысушы тігін ісі, автоэлектрик, кондитерлік өнімдер, әлеуметтік медиа менеджері және beauty саласы сияқты 5 бейіндік бағыт бойынша оқудан өтуде.
Жоба жетекшісі Айжани Нұрланова және Абай облысы әкімдігінің өкілдері алдымен 18 қаңтар күні «Табысты отбасы» жобасының бірінші кезеңінің түлектері - көпбалалы аналар Марина Куликова мен Салтанат Азаматованың үйіне барып, олармен жақынырақ танысты.
«Табысты отбасы» жобасының бірінші кезеңінің түлегі Марина Куликова жұбайымен 11 бала тәрбиелеп отыр. Кездесу барысында Марина танымал кондитер болу жөніндегі балалық арманын аталмыш жоба аясында жүзеге асыруға мүмкіндік туғанын айтып, ризашылығын жеткізді. Қазірдің өзінде көп балалы ана торттар мен тәтті бәліштерге тапсырыс алуда.
Ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана Салтанат Азаматова да «Табысты отбасы» жобасына қатысып, «СММ» мамандығын меңгеріп шықты.
Жобаның алғашқы 27 түлегі жақында өз істерін дамыту үшін қажетті құрал-жабдықты тегін алады.
Естеріңізге сала кетейік, «Табысты Отбасы» пилоттық әлеуметтік жобасы 2022 жылдың 1 желтоқсанында Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарында басталды. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының кешенді қолдауымен іске асырылуда.
Жоба халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелерін, жалғыз басты ата- аналарды және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған.