Оған Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысып, мерейтой иесін құттықтады.
Нұрлан Ұранхаев - Абай облысының әкімі:
«Отандық ғылымда өзіндік қолтаңбасы бар ғалым ағамызға арнап, халықаралық конференцияда бас қосып отырмыз.
Бұл - шәкірт боп келіп, ғылымның төрінен орын алған Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаевқа жасалған ерекше құрмет белгісі!
Біз Ағаға қарап, бой түзейміз. Ой түзейміз. Себебі, ерте жастан еңбекке араласып, саналы ғұмырын ғылым мен қоғамға арнаған Зейнолла Қалымбекұлының парасат жолы баршамызға үлгі, өнеге!
Ол білім мен ғылымның шыңына қайтпас қайсар мінезімен, ақыл-ой, тынымсыз ізденіспен жетті. Соңынан шәкірт ертті. Талай азаматты "өмір бәйгесіне" қосты. Көптеген игі істерге мұрындық болып, жаңа бастамаларға себепші болды.
Дана халқымызда «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі» деген ұлағатты сөз бар.
Ізіңізді жалғар көптеген шәкірттер, еліміздің түкпір-түкпірінде Отан үшін адал қызмет етуде. Бұны ұстаздың ең үлкен жеңісі мен жемісі десек, Сіздің мерейіңіз үстем, құрметті Зейнолла Қалымбекұлы!
Осындай айтулы күні, өзіңіз бен отбасыңызға мықты денсаулық, амандық, береке-бірлік тілеймін!»