USD444.22EUR476.38RUB4.82

«Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» өңірлік ақсақалдар форумы

26 қыркүйек 2022, 11:44
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Абай облысының орталығы Семей қаласына жасаған сапары аясында «Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» өңірлік ақсақалдар форумы өтті.
«Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» өңірлік ақсақалдар форумы

Оған ел алдында жүрген абыройлы, сыйлы қариялар қатысты. Форум барысында ақсақалдар өскелең ұрпақ тәрбиесі, имандылықты дамыту, салт-дәстүріміз бен ана тілізімізді кең насихаттау бойынша өз ойларын ортаға салды.

Жиынға қатысқан Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев форум жұмысына сәттілік тіледі.

"Қазақ халқы қашанда ақсақалға үлкен құрметпен қараған. Қазынаға балап, бата сұраған. Құрмет көрсетіп, төрін берген... Біз, қашанда, Сіздермен мақтанамыз! Ақыл айтып, жол көрсету – келешектің қамы! Жастарымыз ата жолын бағалап, аманатты ақтауға міндетті! Бізге дәстүрді сақтап, аталы сөзге тоқтап, баталы іске жұмылатын жастар керек! Ұрпағымыз Ұлы Абайдың өсиет сөзін, қасиетіне балап өссе, келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болады. Ол үшін жастарға сапалы біліммен қоса, саналы тәрбие берудің маңызы ерекше! Осы орайда, Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзінің терең мәніне қайран қаласың... Шынымен, тәрбие тал бесіктен басталса, балаларымыз шежіре тарихты бойына сіңіріп, ерлік, өрлік рухта өссе, ұрпағымыздың өмір бәйгесіндегі алар орны төр болады. Үлкендердің батасымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болып, балаларымыз бақытты ғұмыр кешсін!" - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар құрметті қонақтың қатысуымен Абай облысының орталығы Семей қаласының Степной кентіндегі 150 адам сиятын мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталған мешіт құрылысы 2021 жылдың қазан айында басталған болатын. Ғимаратқа бір уақытта 150 адам сыяды. Мешіт мұнарасының биіктігі - 13 метр, ал аумағы - 12 сотық.

«Біздің елімізде 2 700-ден астам мешіт бар. Міне, бүгін біз Алланың тағы бір үйін ашамыз. Бауырларымды осы айтулы күнмен құттықтаймын! Мешіт Тыныбай мешітінде ұзақ уақыт қызмет еткен Ахметсафа қажының есімімен аталатын болады», - деді Бас мүфти.

Сондай-ақ, Бас мүфти Абай Құнанбайұлы орталық мешітіне апаратын жаяу жүргіншілер көпірінің ашылуына қатысты. Жаяу жүргіншілер көпірі мешіттің сәулеттік келбетіне тамаша үйлеседі. Ең бастысы, бұл нысан жол аумағының кептелісін жеңілдетеді, автомобильдердің өткізу қабілетін арттырады, мешітке барғысы келетін жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұнда медресе мен қатымхананың құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 2023 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar