Содан соң облыс басшысы Абай ауданының тарихи өлкетану мұражайымен танысты. Абай ауданындағы тарихи-өлкетану мұражайы 2012 жылы ашылған. Бүгінгі таңда мұражайда 5000 жәдігер жинақталған. Мұражайда зерттеу-іздестіру жұмыстары, қор, экспозиция, оқу-ағарту жұмыстары жасалады. Мұнда аудан тарихы, атақты тұлғалар, ардагерлер жайында материалдар мен жәдігерлер бар.
Сапар соңында Нұрлан Ұранхаев мәдениет үйінде Абай ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуде облыс басшысы аудан тұрғындарын мазалап жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді. Абайлықтар үшін бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – жол. Бұл орайда Нұрлан Ұранхаев жиналған жұртшылыққа осы бағыттағы жұмыс ретін баяндады.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
«Биыл Абай ауданы бойынша "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 5 жоба іске асырылды. Оның ішінде Көкбай және Құндызды ауылдарының кіреберіс жолдарына жалпы ұзындығы 2,1 шақырым, сондай-ақ жалпы ұзындығы 2,3 шақырым Көкбай ауылының Оразғалы батыр, Кеңгірбай би ауылының Олжабай және Құндызды ауылындағы Ш.Әбенов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.2023 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыру жағдайында Медеу, Орда ауылдарына кіреберіс жолдарына және көшелерді орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қараул ауылында Молдағалиев, Құнанбай, Шәкәрім, Ұлжан көшелері; Көкбай ауылында Мырза мен Сұлташ көшелері; Құндызды ауылында Шәкәрім және Итемиров көшелері; Кеңгірбай би ауылында Зере және Олжабай көшелері жөнделетін болады".
«2026 жылға дейін облыс бойынша 56 сумен жабдықтау объектісін салу және реконструкциялау жоспарлануда.
Ауылдық елді мекендерде осындай 43 нысан салынады, оның екеуі – Абай ауданында. Баспанамен қамту мәселесі ретімен іске асырылуда. Жыл соңына дейін ауданда 45 жеке тұрғын-үй пайдалануға беріледі».
«Жуық арада біз Сіздермен Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Алдыңғы кездесуде жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға байланысты біраз ұсыныстар да болды. Біз олардың барлығын ескереміз. Тарихи орындар мен ескерткіштер заман талабына сай болу үшін кешенді жұмыстар жасалатын болады.
«Ойқұдық», «Еңлік-Кебек»... «Абай жолында» суреттелген барлық тарихи жерлер туристік маршрутқа ену керек. Бұл аудан үшін де, облыс үшін де қосымша табыс көзі болмақ.
Біз бай тарихымызды, ұлы перзенттеріміздің мол мұрасын кеңінен насихаттау арқылы, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға қызмет жасауымыз керек.
Біздің, «Мұнайымыз жоқ болса да, Абайымыз бар»!
Әлемде Ұлы тұлғаларын дәріптеу арқылы экономикасын нығайтқан елдер бар. Еліміздің тарихи-мәдени орталығы болған бұл мекеннің де даму перспективасы бар деп есептеймін!»